Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев еліміздің денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Кеңес барысында Денсаулық сақтау министрлігінің халыққа көрсетілетін алғашқы медициналық-санитарлық көмек сапасын арттыру тәсілдері қаралды. Атап айтқанда, ұсынылған шаралар емханалардың профилактикалық жұмыстарын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, мамандардың біліктілігін арттыруға және халыққа қызмет көрсету сапасын жетілдіруге бағытталған. Бұдан өзге, жергілікті атқарушы органдардың медициналық көмек көрсетуге, соның ішінде лицензиялаудан кейінгі бақылау, денсаулық сақтау мекемелерін кадрмен қамтамасыз ету және жабдықтау жұмыстарына жауапкершілік механизмдерін енгізу мәселелері талқыланды.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр, «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» АҚ басқарма төрағасының — бас директорының м.а. Қайрат Сауырбаев көмірді өндіру көлемі мен уақытылы тасымалдау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Энергетика министрлігінің деректеріне сәйкес, 2017 жылы көмір қазушы компаниялар 106,7 млн тонна көмір өндірді, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 8,3%-ға немесе 8,2 млн тоннаға артық (98,5 млн тонна). Оперативті деректер бойынша, осы жылдың 7 айында 60 млн тонна көмір өндірілді, бұл өткен жылғы көрсеткіштің 103,9% (59,7 млн тонна) құрайды.

«Қазақстанның электр станцияларына 32,4 млн тонна көмір тиелді, бұл өткен жылғы көрсеткіштің 102,5% құрайды (31,6 млн тонна). Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және тұрғындар үшін 5,44 тонна көмір тиелді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінің 100% құрайды (5,3 млн тонна)», — деп Р. Скляр, жеті айда 15,5 млн тонна көмір экспортталғанын атап өтті.

Бұдан өзге, бүгінде Энергетика министрлігі жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері бойынша 2018–2019 жылдарға арналған коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халықтың көмір өніміне деген жоспарлы қажеттілігін қалыптастырды. Биыл 20 маусымда аталған Жоспарды мемлекеттік атқарушы органдар, көмір қазушы кәсіпорындар және «ҚТЖ» ҰК» АҚ жылыту маусымына дайындық мәселесі жөнінде өткен селекторлық кеңесте талқылады.

Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа көмірді жөнелту кестесі «Богатырь Көмір» ЖШС, «Майкөбе-Вест» ЖШС, «Сарыарқа Энерджи» ЖШС және «Қаражыра» АҚ-да жоспарға сәйкес келеді. «Шұбаркөл Көмір» АҚ өз бетінше сатып алушыларды тауып, сату аумағын анықтайтын трейдерлердің өтінімдері бойынша тиейді.

«ҚТЖ-Жүк тасымалдары» АҚ басқарма төрағасының — бас директорының м.а. Қайрат Сауырбаев компанияның көмірді тасымалдау бойынша орындап жатқан жоспарлары туралы, сондай-ақ 2018/19 жылдың жылыту маусымына дайындық шаралары туралы айтып берді. Мәселен, жеті айдағы өндірістік қызметтің қорытындысы бойынша «ҚТЖ» ҰК 56 млн т астам көмір тиеді, бұл өткен жылдың көлемді көрсеткіштеріне сай келеді. Сонымен қатар, республика ішіндегі қатынаста 34,4 млн т астам көмір тасымалданды. ҚР тұрғындарының коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктері үшін 4,5 млн т көмір тасымалданды.

Қазіргі уақытта еліміздің басты тасымалдаушысында жарияланған көлемнің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жылжымалы құрамның жеткілікті саны бар. Бүгінде «ҚТЖ» ҰК әртүрлі меншік иелерінің 54 мыңға жуық ашық вагондары, «Қазтеміртранс» паркінде 51% немесе 27 260 ашық вагондар жұмыс істейді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 мың бірлікке артық.

Атап айтқанда, көмірді тасымалдауға 29 мың ашық вагон тартылған: «KTZ Express»-тің 15 мың ашық вагоны және басқа меншік иелерінің — 14 мың вагоны, соның ішінде коммуналдық-тұрмыстық көмірді тасымалдау үшін 9 мыңға жуық ашық вагондар тартылған.

«Көмірді тасымалдауды қамтамасыз ету кезінде жылжымалы құрам тапшылығын болдырмау мақсатында, KTZ Express еншілес компаниясы пайдаланатын вагондар паркі көмір разрездеріне бекітілген. Мәселен, Шұбаркөл-Көмір разрезінде 3000 ашық вагон, Қаражырада – 2300 бекітілген. Богатырь-Көмір разрезінен тасымалдау кезінде 2000-нан астам ашық вагон жұмыс істейді», — деді Қ. Сауырбаев.

Сонымен қатар, қозғалыс кезінде, сондай-ақ, бастапқы және соңғы операциялар кезінде ашық вагондарды тиімді пайдалануға бақылау орнатылған.

2018/19 жылыту маусымына дайындық басталғалы бері Астанаға темір жол көлігімен 60,4 мың тонна коммуналдық-тұрмыстық көмір тиеліп жеткізілді. Соның ішінде Шұбаркөл-Көмір разрезінен — 27,4 мың т.

Қ. Сауырбаевтың айтуынша, көмір жеткізу көлемін тең бөлу және күзгі-қысқы кезеңдегі жүктемені төмендету мақсатында компания бір жыл ішінде көмір разрездері өкілдерінің қатысуымен облыстардың әкімдіктері жанынан кеңестерге бастамашы болған. Аталған кеңестердің қорытындылары бойынша, облыстардың әкімдіктері мен көмір разрездері көмірді тиеу көлемін қайта бөлу жөнінде міндеттемелерді қабылдады, өз тарапынан компания да жеткілікті вагон санымен қамтамасыз ету туралы міндеттемені қабылдады.

Алдағы іс-қимылдарды үйлестіру мақсатында биыл 8 тамызда көмірдің жүк жөнелтушілерімен кеңес өткізілді, онда күзгі-қысқы мезгілге тасымалдау көлемдері, сондай-ақ орын алып жатқан мәселелер талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша жыл соңына дейін тасымалдар көлемін орындау ниеті туралы хаттамаға қол қойылды.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында инвестициялар және даму, энергетика министрліктерінің, сондай-ақ «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» АҚ өкілдері 2018–2019 жылдардың жылыту маусымына дайындық жөнінде айтып берді.

Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр жылыту маусымы кезінде пайдалану үшін халыққа жеткілікті көмір көлемі дайындалғанын айтты, тек тұтынушыларға көмірдің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету керек.

«Тұтынушыларымызға алдағы жылыту маусымын сәтті өткізу үшін 15 млн тонна коммуналдық тұрмыстық көмір қажет, оның ішінде 4500 тонна көмір – халықты көмірмен қамтамасыз етуге жеткілікті, сондай-ақ, өндіруші көздер мен коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар үшін жеткілікті. Ендігі біздің міндетіміз – ҚТЖ-мен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, дүрлікпе орын алмауы үшін тұтынушыларға көмірді үзіліссіз жеткізу жұмысын ұйымдастыру», — деді Р. Скляр.

Сонымен бірге, инвестициялар және даму бірінші вице-министрі «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексіне сәйкес қатты пайдалы қазбалар бойынша уәкілетті орган ретінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігі тағайындалғанын еске салды. Жоғарыда аталған Кодекс 2018 жылдың 29 маусымында күшіне енді.

«Көмір саласының мәселелерін өткізуге байланысты өтпелі кезеңді ескере отырып, ҚР Энергетика министрлігі мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің «2018-2019 жылдардағы жылыту маусымына дайындыққа, оны өткізуге мониторинг жүргізу және электр станцияларын, коммуналды-тұрмыстық секторды және халықты көмірмен қамтамасыз ету жөніндегі Штаб құру туралы» бірлескен бұйрығы қабылданды», — деді Р. Скляр.

Штаб құрамына мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың өкілдері және көмір өндіру компанияларының басшылары кіреді.

Бұйрық аясында Энергетика министрлігіне бірқатар мәселелер жүктелген. Министрлікке күн сайын 2018–2019 жылдардың күзгі-қысқы кезеңдегі жылыту маусымына дайындық және оны өткізу жұмыстарына, сондай-ақ еліміздің электр станцияларында отынның нормативті қорын жинақтауға мониторинг жасау қажет.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, өз кезегінде, апта сайын көмір өндіруші ұйымдардан көмірді қазуға және тиеуге мониторинг жасап, көмірді коммуналдық-тұрмыстық секторға және халыққа жеткізу жұмыстарын бақылауы тиіс.

Жергілікті атқарушы органдар аптасына бір рет ҚР ИДМ-ге аудандарға бөліп, түпкі тұтынушыға көмірді сату бағасымен, алдағы 15 күнге көмірді жеткізу жоспарымен өңірлер халқына және коммуналды-тұрмыстық қажеттіліктерге көмір жеткізу туралы ақпаратты беріп тұруы қажет.

«Енді апта сайын көмір өндіруші компаниялардан көмір тиеу шараларын, коммуналды-тұрмыстық сектор мен халыққа көмір жеткізу жұмыстарын қадағалап, мониторинг жүргіземіз. Бұл үшін кесте әзірленді, онда өңірлер тұрғысынан жеткізушілері, көмірге қажеттілік, жеткізілген көмір, оның құны көрсетіліп тұрады. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша, көмірді түсіру станциялары мен базаларда жеткілікті көмір көлемі бар, сондықтан да халыққа алғашқы суық күндерді күтпей-ақ, қазірден бастап қажетті көмір көлемімен қамдануға кеңес береміз», — деп түйіндеді Р. Скляр.

ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов, өз кезегінде, барлық дайындық және жөндеу жұмыстары штаттық режимде жүргізіліп жатқанын айтты. Ірі электр станцияларында жеткілікті көмір қоры бар.

«Жалпы жылыту маусымына дайындық туралы айтар болсақ, бұл жұмысты Үкіметтің тапсырмасы бойынша тұрақты негізде жүргізіп отырмыз. Станциялардың көмірді тұтынуы – күнделікті үдеріс. Екібастұз МАЭС секілді ірі станцияларда айына бір миллионнан астам тонна көмір жұмсалады, сондықтан да бұл процесс тұрақты негізде жүргізіледі. Бүгінде көмірді пайдаланатын барлық станциялардың қоймаларында 2 млн 600 мың тонна көмір бар. Барлық ірі электр станцияларының қорлары бар», — деді Сұңғат Есімханов.

Энергетика министрлігінің өкілі, сондай-ақ, ұсақ станциялардың қорлары әкімдіктер бөлетін қаражаттарға байланысты екенін атап өтті. Жыл сайын көмірмен қамтамасыз ету мәселелері дұрыс шешілуде.

«ҚТЖ-мен барлық келісімшарттар жасалды, сол себепті де бұл станцияларда жылыту маусымының басталуына қарай көмір болады. Жеке станциялар туралы айтар болсақ, Риддер ЖЭО-да нормативтік қордан төмен, он күндік қорды жеткізу мәселесі қаралып жатыр, бұл шамамен 6 мың тонна көмір. Электр станцияларын көмірмен қамтуға дайындық тұрғысынан келер болсақ, олар бойынша тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бізде 8-ден астам ірі блок, 50-ден астам қазандық және 45 турбина жоспарланған, жартысынан көбі бүгінде дайын», — деп түсіндірді ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы.

«ҚТЖ-Жүк тасымалдары» АҚ басқарма төрағасының — бас директорының м.а. Қайрат Сауырбаевтың айтуынша, 3 айда (мамыр-шілде) және тамыздың 12 күнінде 2018–2019 жж. жылыту маусымының 17,7 млн тонна көмірі тиелді, өткен жылыту маусымымен салыстырғанда 5%-ға немесе 3,2 млн тоннаға артық, соның ішінде коммуналдық-тұрмыстық көмір өткен жылыту маусымының сәйкес кезеңінен 35%-ға (630,9 мың тонна) көп тиелді.

«Осы жылдың қорытындысы бойынша біз 106,5 млн тонна көлемінде көмір тасымалдауды шамалап отырмыз, соның ішінде ҚР тұтынушылары үшін 71,9 млн тонна, болжамды көлем 2017 ж. тасымалдарынан 3,5%-ға жоғары», — деді Қ. Сауырбаев.

www.primeminister.kz

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

ҚР инвестициялар және даму бірінші вице-министрінің айтуынша, көмірдің бастапқы бағасы, әдетте, тікелей разрез «бортында» қалыптасады. Содан кейін көмір темір жол арқылы түсіру пунктіне дейін тасымалданады, онда бекітілген нормативтерге сәйкес «ҚТЖ» ҰК» АҚ есеп айырысу бағасы бекітілген. Түсіру орындарында тиеу-түсіру жұмыстары кезінде, сондай-ақ автокөлікке көмірді тиеу кезінде және автокөлікпен тұтынушыға оны жеткізгенде соңғы бағасы қойылады. Көмір құнының негізсіз қымбаттауы екі кезеңде де болуы мүмкін. Дегенмен, ҚР ИДМ-де бұл жағдай бақылауға алынғанын айтты.

«Бізде өзіміздің аумақтық органдар бар – Энергетика министрлігінде де, Инвестициялар және даму министрлігінде де бар. Бұдан бөлек қосымша мониторинг жүргіземіз: әр темір жол орнындағы көмірдің көлемі мен оның құны бақыланады. Сондықтан, мұндай оқиғалар орын алған жағдайда (еск. – бағаның негізсіз өсуі), оған бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдар жауапты болады. Біз бұл жағдайды қадағалап, дереу түзейтін боламыз», — деді Р. Скляр.

Көмір разрезіндегі баға туралы айтар болсақ: ҚҚС-сыз көмірдің максималды бағасы «Майкөбе-Вест» ЖШС-да 2633 тг/т. Түйірлеріне байланысты көмір «Шұбаркөл Премиум» ЖШС-да 4800 тг/т-дан 7300 тг/т дейін тұрады, «Қаражыра» разрезінде көмір құны 3350 тг/т дейін жетеді.

Көмір тасымалдауға қойылған тарифтер туралы айтсақ, Р. Склярдың айтуынша, олар реттелуде.

«Біз күнделікті жалдауға арналған вагонның разрезден көмір саудаланатын нақты темір жол орнына дейінгі құнын білеміз. Көмірдің құнын бақылап отырамыз — ол өзгермейді. Бұдан кейін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы тұйықтың иесі мен көлік компонентінің сауда үстемесін қарастырамыз. Тұтынушы бұл көмірді өзі шығарып алуына болады немесе қандай да бір көлік компаниясын жалдайды. Бұл тарифтер бәріне де белгілі, бұл нарық, бірақ бәрібір шарықтату мүмкін емес. Көмір сататын темір жол орнының меншік иесінің бағаны шектен тыс арттыруы ықтимал екенін білеміз. Сондықтан да әкімдіктермен бірлесіп, әрбір көмір қоймасының тұтынушыға қандай баға беретінін қараймыз», — деді Р. Скляр.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдарда да аталған жағдайды қалыпқа келтіруге қолдана алатын белгілі бір тетіктер бар.

Жалпы алғанда, ел ішінде көмір бағасы транспорттық жеткізу жағдайларына байланысты тоннасына 11 мыңнан 16 мың теңге аралығында белгіленген.

«Мәселен, Павлодар облысынан Батыс Қазақстан облысына жеткізілген көмір, әрине, Павлодар облысының тұрғындары тұтынатын көмір бағасынан біршама қымбат болады», — деп түйіндеді бірінші вице-министр.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауылдық елді мекендерді интернетке кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету, 5G және дата-орталықтарды дамыту бойынша жобаларды іске асыру барысы қаралды.

Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қалалар мен ауылдарды интернетке кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету уақыт талабы екенін айтты.

«Интернетке кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету тек біздің ғана талабымыз емес. Біз артта қалмауымыз керек, қажетті құжаттар қабылданды, барлық шешімдер бар. Бұл уақыт талабы, көптеген мемлекеттердің күн тәртібіне алынған. Тек белсенді жұмыс істеу керек. Негізгі мәселе – өңірлердегі интернет жылдамдығы: байланыс бар, интернет бар, тек жылдамдығы өте төмен. Бұл бизнеске ғана қатысты емес, халықтың қажеттілігі», — деді Премьер-Министр және ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп жылдамдықты интернетпен қамту бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Орындалуын бақылау ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиевке жүктелді. Ол өз кезегінде ауылдық елді мекендерді интернетке кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты, аталған бағдарлама бойынша барлық мәселелер шешіліп жатыр.

«Жыл соңына дейін интернетке кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етуді бастау керек. Келесі жылы 5G енгізуді біз пилоттық режимде жүргіземіз. Пилоттық режим аяқталған соң түпкілікті шешім қабылданады. Біз ең озық тәжірибелерді зерделедік, оның ішінде Ұлыбритания, Эстония тәжірибелері бар. Деректерді сақтап, өңдеу үшін деректерді өңдеу орталықтарын дамытатын боламыз. Интернетке кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету бағдарламасы қатаң бақылауға алынады», — деді А. Жұмағалиев.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мәліметінше, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының мақсаты ҚР экономикалық дамуының қарқынын тездету және цифрлық технологияларды пайдалану арқылы ел тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады. Бағдарлама міндеттерінің бірі телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту болып табылады. Осыған орай бірқатар жобалар іске асырылуда: ауылдарға интернеттің кеңжолақты қолжетімділігін қамтамасыз ету, 5G және дата-орталықтар.

«ҚР ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кеңжолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасын іске асыру еліміздің 1249 ауылындағы мемлекеттік органдарды және бюджеттік мекемелерді талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясын қолданумен байланыс қызметіне қосуға мүмкіндік береді, байланыс арналарының жалпы өткізгіштік қабілеті кемінде 50 Мбит/сек құрайтын болады.  

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ұялы байланыс стандарттарының жаңа буыны әр 10 жыл сайын әзірленіп отырады. 1981 жылы бірінші стандарт – 1G, 1992 жылы – 2G, 2001 жылы– 3G және 2010 жылдың аяғында – 4G енгізілді. 2020 жылға қарай 5G стандартын енгізу күтілуде.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Д. Абаев 5G ұялы байланысын Қазақстан аумағына енгізу Халықаралық электробайланыс одағының 5G стандартын қабылданғаннан кейін мүмкін болатынын жеткізді. Бұл шешімді 2019 жылы Египетте Дүниежүзілік радиобайланыс конференциясында қабылдау жоспарланған. Халықаралық электробайланыс одағы 5G стандартын қабылдағаннан кейін ғана телекоммуникациялық жабдықтардың өндірушілері қабылданған стандарт бойынша жұмыс істейтін тиісті құрылғыларды жаппай өндіруді бастайды.

Өз кезегінде, 2019 жылдың ІІ тоқсанында 5G ұялы байланыс технологиясын пилоттық тестілеуден өткізу жоспарланып отыр.

5G технологиясы 4G мобильді байланыс технологиясымен салыстырғанда, 40 есе артық жылдамдықты ұсынуға (3D форматында бейнефайлды көру және аталған форматта фильмді 6 секундта жүктеп алу үшін бұл жеткілікті ), сигналды ұстауды төмендетуге, сонымен қатар оны нақты уақыт режимінде қашықтықтан операцияларды орындау үшін қолдануға, өнеркәсіптік роботтарды жылдамдатуға, ауыл шаруашылығы техникаларын қашықтықтан басқаруға, егістерге, отарларға мониторинг жүргізуге т.с.с. мүмкіндік береді.

5G ұялы байланысын пилоттық тестілеу үшін жиіліктерді іріктеу жұмыстары Астана, Алматы қалаларында және Ақмола, Алматы облыстарында және Қорғаныс министрлігімен келісіліп жүргізілді. Жуырда 5G мобильді байланыс технологиясын пилоттық тестілеуден өткізу үшін байланыс операторын анықтауы қажет.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін коммерциялық деректерді өңдеу орталықтарында орналастыру үшін Ақпараттандыру объектілерін екі топқа бөлу ұсынылады.

«Қазақтелеком» 2021 жылдың соңына дейін 7 622 927 тұрғыны бар 6212 елді мекенді кең жолақты интернетпен қамтуды көздеп отыр.

Өз кезегінде, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев компанияның кең жолақты жылдам интернетті әзірлеу және онымен қамту бойынша конкурстық жобаға қатысып жатқанын атап өтті. Қосу аумағында 4,8 млн адамды қамтитын 828 ауылдық елді мекен бар.

«Алдағы үш жылда салынатын талшықты-оптикалық желілердің жалпы көлемі 14,217 шақырым болады. Оларға 2496 мемлекеттік органды қосу жоспарланып отыр, инвестициялардың орташа құны шамамен 50 млрд теңге», — деді Қ. Есекеев.

Сонымен қатар, оның айтуынша, 5G дамыту аясында, қазір «Қазақтелеком» АҚ 5G тестілеуді бастау үшін өндірушілермен жабдықтар мен бағдарламалық қамтуды ұсыну туралы мәселе пысықталып жатыр, сонымен қатар 5G тестілеу жоспары әзірленуде. Нәтижесінде тестілеуді бастау үшін вендорлардың бірінен жабдықты және БҚ ұсыну әзірлігі расталды.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау және дамытудың өзектілендірілген бағдарламасының жобасы мақұлданды.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Мемлекеттік бағдарлама жобасында кәсіпкерлікті қаржылық және қаржылық емес қолдаудың негізгі құралдары сақталғанын атап өтті, оның ішінде: пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, несиелер бойынша кепілдендіру, гранттар ұсыну, жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу, оқыту және бизнеске консультациялық қызметтер көрсету.

Сонымен қатар Т. Сүлейменов Бағдарламаны іске асыру қорытындылары туралы баяндады. Бағдарламаның іске асырылу сәтінен бастап үш бағыт шеңберінде жалпы кредит сомасы 2,2 трлн теңге 11 904 жоба субсидияланды, екі бағыт шеңберінде жалпы кредит сомасы 155 млрд теңгеге 4302 жоба кепілдендірілді. 4,6 млрд теңге сомасына 1940 жобаға мемлекеттік гранттар ұсынылды, 123 млрд теңгеге 810 жобаға жетіспейтін инфрақұрылым жеткізілген.

«Бағдарламаның іске асырылу сәтінен бастап 165 мың жаңа және жұмыс істеп жүрген кәсіпкер бизнес негіздеріне оқытылды», — деп ақпараттандырды Т. Сүлейменов.

Барлығы Бағдарламаны іске асыруға 380 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінді. Қолдаудың аталған шараларын іске асыру Бағдарлама қатысушыларына 13,5 трлн теңге сомасына өнім өндіруге, 89 мыңнан астам жұмыс орнын құруға, 900 млрд теңгеден астам салық төлеуге мүмкіндік берді.

Пайдаланылатын қаражаттың тиiмдiлiгiн арттыру мақсатында, Бағдарлама шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары тиімді кәсіпорындарға қайта бағдарланды. Мәселен, моноқалаларда, шағын қалаларда және ауылдық елді мекендерде қаржылай қолдау алуға мемлекеттік қолдау алынған күннен бастап екі жыл өткеннен кейін салық төлеуді, өнім өндіруді және жұмыс орындары санын 10%-ға ұлғайтуды қамтамасыз етуге қабілетті кәсіпкерлердің жобалары жіберіледі.

Экономиканың басым салаларында және индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы салаларында қолдау көрсету қолдауды алғанға дейін салық төлемдерін, өнім өндіруді 20%-ға ұлғайту түрінде тиімді өндірістік қызмет көрсеткен кәсіпкерлердің жобалары бойынша жүзеге асырылады.

Т. Сүлейменовтың айтуынша, әзірленген Мемлекеттік бағдарламаның жаңалығы жеке кәсіпкерлік субъектілері шығарған облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау құралын енгізу болып табылады.

Бұл шара банктік және қор нарықтарының дамуы үшін тең бәсекелестік жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тағы бір жаңашылдық — кәсіпкерлік бойынша мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну процестерін автоматтандыру және оңтайландыру.

«Бұл жұмыс бизнеске арналған Бірыңғай платформа мемлекеттік қолдау шараларын "бірыңғай терезе" қағидаты бойынша электрондық форматта ұсынуды көздейтін "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүргізілді», — деді министр Т. Сүлейменов.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыруды ескере отырып, субсидиялар мен кредиттер бойынша кепілдіктер беру процесі ағымдағы жылғы қазанда кредит сомасына қарамастан электрондық үкімет порталында толық автоматтандырылатын болады.

Шешімдер қабылдау процесінен бірқатар кезеңдер алынып тасталды, бұл кәсіпкерлерге осы қызметтерді ұсыну мерзімдерін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді. Қазаннан бастап, субсидиялар мен кепілдіктер бойынша шешім қабылдау мерзімі 25 күннен 5 күнге дейін қысқартылатын болады.

Гранттар беру және жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу құралдары бойынша өтінімдер де ақпараттық жүйе арқылы қабылданатын болады. Автоматтандыруды есепке ала отырып, гранттар бойынша шешім қабылдау мерзімдері ағымдағы жылғы қазанға дейін 48 күннен 16 күнге дейін қысқаратын болады, 2019 жылы бұл процесс 3 күнді құрайды. Жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу бойынша шағын және орта бизнес субъектісінің өтінімін қарау және хаттама жазу мерзімі 27 күннен 4 күнге дейін қысқартылды.

«Автоматтандырудың бұл шаралары шешім қабылдаудың ашықтығын және бюджет қаражатының уақтылы игерілуін қамтамасыз етеді. Қаржылай емес қолдау шараларын ұсыну шеңберінде оқыту және консалтинг қызметтерін ұсыну келу тәртібімен қағаз жеткізгіштерге жүзеге асырылады», — деді Т. Сүлейменов.

Қаржылай емес қызметтерді цифрландыру үшін барлық Халыққа қызмет көрсету орталықтары мен Кәсіпкерлерді қолдау орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарын құру көзделген.

Олар консультациялық қызметтерді, оқытуды, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің және кәсіпкерлік бастамасы бар халықтың салық және статистикалық есептерді тапсыруды онлайн режимде ұсынуды қамтамасыз етеді.

Оқыту жобалары бойынша онлайн режимде, сондай-ақ өз бетімен оқу қарастырылған.

Онлайн режимде қызметтерді ұсыну кәсіпкерге алынған консультацияларды жеке кабинетінде қарауға, шағымдар мен өтініштер беру арқылы ұсынылған қызметтің сапасын бағалауға және ең бастысы, осы қызметтерді алуға уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Автоматтандыруды есепке ала отырып, қаржылай емес қызметтерді өнеркәсіптік қолданысқа енгізу биылғы қазан айына жоспарланған.

Биыл ШОБ субъектілеріне екінші деңгейлі банктер несиелері бойынша шамамен 2200 субсидия мен кепілдік ұсыну, 6,6 млрд теңгеден астам сомаға шағын және орта бизнес жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізуді қамтамасыз ету және 20 мыңнан астам адамды қаржылай емес қолдау шараларымен қамту көзделген.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов 2014 жылдан бастап Палата Мемлекеттік бағдарламаның төртінші бағыты бойынша оператор қызметін атқаратынын айтты. Төрт жылда 200-ден астам жаңадан бастаушы және бұрыннан келе жатқан кәсіпкерлер қызмет түрлерін алды. Атап айтқанда 7600 жаңа кәсіпорын ашылды, 11 мыңға жуық жоба іске қосылды. Осы жылдың жарты жылында 37 мың кәсіпкерге қызмет көрсетілді. Осылайша жылдық жоспар орындалды.

«Бұл аталған бағдарламаның кәсіпкерлер үшін аса маңыздылығы мен оның әлеуетінің дәлелі», — деп Абылай Мырзахметов, бағдарлама аясында кәсіпкерлерге қолдау 8 бағыт бойынша көрсетілетінін атап өтті. Олардың негізгілері — бизнес-жоспар дайындау, маркетинг, салық және құқық салаларында көмек көрсету.

Бизнеске 61 тегін қызмет көрсетіледі. Аудан орталықтары мен моноқалаларда кәсіпкерлерге қолдау көрсететін 189 пункт жұмыс істейді.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы іске асырыла бастаған уақыттан бері ол кәсіпкерлер арасындағы ең танымал әрі көпшілікке ұнаған бағдарлама болғанын атап өткен жөн. Мұнда бизнеске қолжетімді несиелер беріледі», — деп түйіндеді А. Мырзахметов.

Қаралып жатқан мәселе бойынша сөз сөйлей отырып, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының құралдары кәсіпкерлер арасында үлкен сұранысқа ие екенін жеткізді.

Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының мәртебесін өзгерту тұрғысынан жергілікті атқарушы органдармен, «Атамекен» ҰКП-мен алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу бойынша тиісті бірлескен жұмыс атқарылатынын айтты.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бүгінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы республикадағы кәсіпкерлікке кешенді қолдау көрсетудің маңызды құралдарының бірі екенін атап өтті. Бағдарлама өз нәтижелерін беріп жатыр.

«Қазіргі таңда Мемлекет басшысымен келісілген түрде Бағдарламаға Мемлекеттік мәртебесі берілуде, осылайша ол іске асырудың жаңа деңгейіне өтеді», — деді Б. Сағынтаев.

www.primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысында 2018 ж. 7 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындыларын қарастыру барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Ұлттық экономика, қаржы, инвестициялар және даму, энергетика, ауыл шаруашылығы министрліктерінің баяндамаларын қарастырған соң Бақытжан Сағынтаев статистикалық деректерге сәйкес жеті айдың қорытындысы бойынша өсім 4% құрағанын атап өтті. Өсу қарқыны өткен жылдың осы кезеңіндегі деңгейге сай келді.

Алайда, белгілі бір өсім байқалғанымен, кейбір жекелеген салаларда өткен жылмен салыстырғанда артта қалу байқалған.

Түсті металдар кенін өндіру бойынша (осы жылдың 7 айында — 103,1%, 2017 ж. 7 айында — 111,5%), металл емес минерал өнімдерін өндіру (осы жылдың 7 айында — 99,1%, 2017 ж. 7 айында — 101,9%), текстиль бұйымдары (2018 ж. 7 айында — 102%, 2017 ж. 7 айында — 123,5%), киім (2018 ж. 7 айында — 99,8%, 2017 ж. 7 айында — 101,1%), тері бұйымдары (2018 ж. 7 айында — 101,6%, 2017 ж. 7 айында – 108,1%), фармацевтика (2018 ж. 7 айында — 98,4%, 2017 ж. 7 айында — 130,8%), сусындар (2018 ж. 7 айында – 99,1%, 2017 ж. 7 айында — 105,8%), мұнай өңдеу (2018 ж. 7 айында — 104,3%, 2017 ж. 7 айында — 106,9%) бойынша өсім байқалмады.

Жарты жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрлігі экономика салаларының бөлінісінде мақсатты бағдарға қол жеткізу үшін қажетті өсім деңгейін көрсетті. Бірақ, жеті айдың қорытындысы көрсеткендей, кейбір министрліктер мен өңірлер бұл деңгейге қол жеткізуге ұмтылмайды.

Премьер-Министр әкімдердің ай сайынғы есептерінде белгілі бір өзгерістердің болмайтынын, талдаудың жоқтығын атап өтті. Осы орайда, Бақытжан Сағынтаев инвестициялар және даму, энергетика министрліктеріне, сондай-ақ басқа да салалық министрліктерге және өңірлер басшыларына ел экономикасының өсімін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Мемлекет басшысы қойған міндеттерге қол жеткізу үшін ай сайын барлық өңірлер бойынша экономика салалары бөлінісінде 4% кем емес тиісті өсім болуы тиіс. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне, өңірлер әкімдеріне конкурстық процедураларды уақытылы өткізіп, бюджет қаржатын толық игеру үшін тиісті шараларды қабылдау тапсырылды.

Сонымен қатар, Қаржы министрлігіне 9 айдың қорытындысы бойынша игерілмеген бюджет қаражатын қайта қарастыру тапсырылды.

Бақылау Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А. Маминге жүктелді.

www.primeminister.kz

2018 жылдың 7 айындағы отын-энергетика саласының негізгі даму көрсеткіштері туралы ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтып берді.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, мұнай мен конденсант алу көлемі 53 млн теңгеге жуық болды, бұл 2017 ж. осындай кезеңімен салыстырғанда 6,1% артық.

«Үш ірі жоба бойынша мұнай алу 31,9 млн т құрады, оның ішінде Қашаған кен орнында – 7,4 млн т, Теңізде – 17,2 млн т, Қарашығанақта – 7,3 млн т», — ақпараттандырды Қ. Бозымбаев.

Сонымен қатар, мұнай экспорты 42,8 млн т құрады, бұл 2017 ж. осы кезеңмен салыстырғанда 6,1% артық. Мұнай өңдеу көлемі 9,18 млн т құрады. Мұнда өсім 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4,5% көрсетті. Үш МӨЗ мұнай өнімдерін өндіру көлемі 6,38 млн т құрады, бұл 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,3% артық.

«Жалпы, мұнай өнімдері нарығындағы жағдай тұрақты және жанар-жағармай тапшылығы жоқ», — деді Қ. Бозымбаев.

Министр атап өткендей, Қазақстанда Аи-92 жанармайының орташа құны 156,13 теңге, дизельді отын — 181,83 теңге. 13.08.2018 ж. мәлімет бойынша, жанар-жағармай қалдығы ішкі нарықтың қажеттіліктерін өтеу үшін жеткілікті: АИ-92 жанармайы — 336 мың тонна, дизельді отын — 246 мың тонна.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін күзгі егін жұмыстарын жүргізу үшін 394,4 мың т. жанар-жағармай бөлінгенін атап өткен жөн.

Газ өндіру көлемі 32,8 млрд м3 құрады. Есепті кезеңде 12,3 млрд м3 газ экспортталды. 7 ай ішінде 1,8 млн т сұйытылған газ, 486,5 мың т мұнай битумы, 63,4 млрд кВтс электр энергиясы өндірілді. Көмір концентратынсыз, көмір өндіру көлемі 60 млн т құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,9% өсім көрсетті.

7 ай ішінде ішкі нарыққа 42,5 млн т көмір жеткізілді, экспорт — 15,5 млн т. Қазақстандық тұтынушыларға жеткізілген көмірдің жалпы көлемінен 76,2% немесе 32,4 млн т энергия өндіретін кәсіпорындарға жеткізілді. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге 5,3 млн т көмір жеткізілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,6 мың тоннаға аз.

Уран өндіру көлемі 12,5 мың тоннаға жуық болды, бұл 2017 ж. осы кезеңімен салыстырғанда 94% құрайды. Аталған көрсеткіштің төмендеуі әлемдік нарықта уран бағасының тұрақты түрде төмен болуына байланысты.

«Отын-энергетика саласы тұрақты дамып келеді. Негізгі көрсеткіштерге қол жеткізу министрліктің тұрақты бақылауында және мониторингке алынған», — деп түйіндеді Қ. Бозымбаев.

www.primeminister.kz

Бүгін ҚР Үкіметі отырысында 2018 жылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындыларын шығару аясында өнеркәсіптік өндірісті дамыту туралы инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады.

Ж. Қасымбектің мәлімдеуінше, 2018 ж. 7 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,1%-ға өсті. Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібіндегі өсім — 5,4%, өндеу өнеркәсібінің өсімі — 4,9%. 14 өңірде өнеркәсіп өндірісінің көлемі өсіп отыр.

Тау-кен өнеркәсібінде түсті металдар кенін өндіру көлемі 3,1%-ға және темір кенін өндіру көлемі 7,4%-ға өсті.

«Өсім "Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі" АҚ-да темір кенін өндіру көлемінің артуы есебінен орындалып отыр. Түсті металдар кенін өндіру көлемінің өсімі "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС-де, "Коппер Технолоджи" ЖШС-де мыс кенін және "Қазақстан алюминий" АҚ-да боксит өндіру көлемінің артуымен байланысты», — деді Ж. Қасымбек.

Инвестициялар және даму министрлігінің деректеріне сәйкес, өңдеу өнеркәсібінде металлургия өнеркәсібінің 3,6%-ға, химия өнеркәсібінің 10,9%-ға, машина жасаудың 16%-ға, жиһаз өндірудің 5,2%-ға және жеңіл өнеркәсіптің 2,3%-ға өсімі байқалады.

Көлік кешені бойынша жопарлы көрсеткішке қол жеткізілді. Мұнда қаңтар-шілде айларында нақты көлем индексі 104,9%-ды құрады.

«2018 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша Қазақстан арқылы 250,8 мың контейнер тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 40%-ға өскен. ҚХР – ЕО – ҚХР бағыты бойынша бұл көрсеткіш 143,9 мың контейнерге жетті. Яғни, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 63%-ға өсіп отыр. Көлік қызметінің кірісі 17,5%-ға өсіп, 1,5 трлн теңгені құрады», — деді министр Ж. Қасымбек.

Бұған қоса, құрылыс бойынша нақты көлем индексі 101,3% болды. 13 облыста оң қарқын байқалады. Ал, төрт өңірде көрсеткіштің төмендеуі белгіленген: Астанада, Шымкентте, Атырау және Павлодар областарында.

Ж. Қасымбектің айтуынша Астана қаласында көрсеткіштің төмен болуы былтыр «Экспо-2017» нысандарының, «Mega Silkway» СО құрылысының, әуежайдың жаңа терминалының және «Нұрлы жол» теміржол вокзалы құрылыстарының жоғары қарқынмен жүргізілгеніне байланысты болып отыр. Шымкент қаласында көппәтерлі тұрғын үйлер құрылыс жұмыстарының көлемі төмендеді.

Атырау облысында өнеркәсіп нысандары мен магистральді құбыр құрылысының жұмыс көлемі төмендеді. Павлодар облысында көрсеткіштің төмен болуы Павлодар мұнай химия зауытын жаңарту жұмыстарының аяқталуымен байланысты.

Сонымен қатар, тұрғын-үй құрылысы бойынша «Нұрлы Жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жалғасып жатыр. Жыл басынан бері 608 млрд теңге инвестиция құйылды. Бұл өткен жылдағы деңгейден 129,7%-ға жоғары.

«Жалпы көлемі 6,8 млн шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру жылдық жоспарының 55,8%-ы орындалды. Жалпы республика бойынша 58 мың баспана пайдалануға берілді, оның ішінде 23 662 жеке үй бар», — деп мәлімдеді министр.

Осы қарқынды төмендетпей, оған қоса «7–20–25» ипотекалық несиелеу бағдарламасы ойдағыдай іске асырылса, Ж. Қасымбектің айтуынша, жылдың соңына дейін тұрғын үй құрылысының жоспарлы көрсеткіштері орындалады.

«Жалпы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша Министрлік жетекшілік ететін барлық салалар бойынша жоспарланған нақты көлем индексіне қол жеткізу көзделіп отыр», — деді Ж. Қасымбек.

Өз кезегінде ауыл шаруашылығы вице-министрі Берік Бейсенғалиев ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі жеті айда 3,5%-ға өскенін айтты.

«Өсімге мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін 4,1%-ға арттыру есебінен қол жеткізілді. Сонымен қатар, осы кезеңде азық-түлік тауарларын өндіру 4,4%-ға ұлғайды», — деді Б. Бейсенғалиев.

Вице-министр республикалық бюджетті орындау аясында Ауыл шаруашылығы министрлігіне 2018 жылы 355,5 млрд тг бөлінгенін атап өтті. Есепті кезеңде игеру жоспары 240,2 млрд тг құрады, нақты 233,2 млрд тг немесе жоспардың 97,1% игерілді.

www.primeminister.kz

2018 ж. қаңтар–шілде айларының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 4%-ды құрады. 2018 жылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары туралы ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов, қаржы министрі Б. Сұлтанов және Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары О. Смоляков баяндады.

Тимур Сүлейменов экономиканың өсуіне инфляциялық қысымның төмендеуі, жоғары инвестициялық белсенділік және экономиканың негізгі салаларында оң қарқынның сақталуы негізгі серпін бергенін айтты.

Инфляция ең төменгі үш жылдық деңгейде сақталуда. Жыл басынан бері ол 2,7% құрады, бұл ретте жылдық инфляция – 5,9%.

1 тамыздағы жағдай бойынша елдің халықаралық қоры $87,7 млрд құрады, оның ішінде Ұлттық қордың активтері — $56,8 млрд, алтын валюталық қорлар — $30,9 млрд құрады.

Өнеркәсіптік өндіріс 5,1%-ға ұлғайды. Өнеркәсіп белсенділігінің өсіміне ең көп үлесті өндіру салалары қосты. Тау-кен өндіру өнеркәсібінің шығарылымы 5,4%-ға өсті. Мұнайды (6,1%), газды (6,4%) және темір кенін (7,4%) өндіру бойынша салалалар қозғаушы күш болды.

Өңдеу өнеркәсібінің өсу серпіні 4,9% деңгейінде тіркелді. Өңдеу салаларының бөлінісінде ең жоғарғы өсімді машина жасау саласы көрсетіп тұр. Осы саладағы шығарылым 16% құрады. Өсім барынша күрделі өндірістік құрамдауыштары бар салалардың есебінен қамтамасыз етілді. Бұл автокөлік жасау (58,5%), электр жабдықтарын өндіру (47,2%) және электрондық, оптикалық өнімдер (45,7%) өндірісі.

Химия өнеркәсібінде (10,9%), мұнай өңдеуде (4,4%), металлургияда (3,6%) және қағаз өнімдері өндірісінде (10,1%) орнықты өсім жалғасуда.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы 3,5%-ға ұлғайды. Көрсетілетін қызметтер саласының өсуі 3,8%-ды құрады. Көрсетілетін қызметтер сегментіне инфляцияның баяулауы мен экономиканың нақты секторындағы жоғары іскерлік белсенділік оң әсерін тигізуде. Төмен инфляция аясында сауда өткен айға қарағанда 6,1%-ға дейін ұлғайды. Бұл ретте, өндірістік белсенділік көліктің 4,9% өсім денгейінде сақталуына ықпал етеді.

«Негізгі капиталға салынатын инвестициялар кеңеюде. Олар 23,7%-ға өсті. Инвестициялардың ең үлкен өсімі — 32,7% өнеркәсіп саласында тіркелген. Бұл Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғыртуға және Теңіз кен орнында болашақ кеңейту жобасын іске асыруға байланысты. Жалпы тікелей шетелдік инвестициялардың $6,7 млрд тартылды. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,4% жоғары», — деді Т. Сүлейменов.

Экспорт көлемі 21,8%-ға, импорт — 7,8% өсті. Экспорттың импорттан едәуір өсуі төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығын төмендетуге негіз болды. Ол екі есеге $1,4 млрд дейін қысқарды.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, жоғары өндірістік белсенділік еңбек нарығының көрсеткіштеріне жағымды әсер етті. Осы жылдың басынан бері 297,1 мың адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% құрады.

«Жалақы бір қалыпты қарқынмен өсуде. Биыл қаңтар–шілде айларында орташа айлық жалақы 157,7 мың теңгені құрады және нақты мәнінде 2,3% өсті. Осы жылдың қаңтар–маусым айларында нақты ақшалай кірістер 1% өсті», — деп түйіндеді ұлттық экономика министрі.

Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша заңды және жеке тұлғалардың депозиттері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2%-ға ұлғайып, 17,8 трлн теңгені құрағанын жеткізді. Екінші деңгейлі банктер берген несиелер 1 шілдедегі жағдай бойынша 1%-ға өскен (12,8 трлн тг дейін).

Алдын ала берілген деректер бойынша, 2018 жылдың қаңтар–мамыр айларында сыртқы сауда айналымы $35,6 млрд құрады және 2017 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 18%-ға өсті, оның ішінде экспорт — $23,3 млрд (22,3% -ға өсті), импорт — $12,3 млрд (10,7%-ға артық) артты.

О. Смоляковтың айтуынша, шілде айында «7–20–25» президенттік бағдарламасы ойдағыдай іске қосылды. Қазірдің өзінде 1330 өтінім келіп түсті, 6 млрд теңгеден астам сомаға несие берілді.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады. Мәселен, осы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің негізгі параметрлері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жақсы орындалды.

Түсім 6,264 трлн теңгені немесе есепті кезең жоспарының 101,9% құрады. Шығындар 6,466 трлн тг немесе 98% орындалды. Мемлекеттік бюджет тапшылығы 203 млрд тг сомасында қалыптасты. Бұл жоспардан екі есеге төмен.

Мемлекеттік бюджетке 4,351 трлн теңге кірістер (трансферттерді есепке алусыз) түсті немесе жоспардың 104,4%. Республикалық бюджет кірістері 104,2%-ға орындалып, бюджетке 3053 млрд теңге түсті. Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 116,2%-ды құрады.

Бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда бюджетке салықтар 432 млрд теңгеге артығымен түсті. Мұндай өсім негізінен қосылған құн салығы — 207 млрд теңге, экспорттық кеден бажы — 107 млрд теңге есебінен қамтамасыз етілді.

Алдағы кезеңге арналған бірінші кезекті міндеттер қатарында Б. Сұлтанов «Кірістер жиналымын арттыру» жобасының мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізуді және оның теңгерімді орындалуы үшін бюджеттің кірістер мен шығыстар бөлігіне мониторинг жасауды атады.

Мәселені қарау барысында Түркістан облысының әкімі Ж. Түймебаев, Павлодар облысының әкімі Б. Бақауов, Атырау облысының әкімі Н. Ноғаев, Астана қ. әкімі Ә. Исекешев, Шымкент қ. әкімі Ғ. Әбдірахымов, сондай-ақ Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қ. Ысқақов өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

www.primeminister.kz

Мұрағат

Тамыз
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту