Бүгін Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев үш ауданның жұртшылығымен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс орталығы мен аудан орталықтарының қатынасын дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мәселелері бойынша кездесу өткізді.

Премьер-Министр сондай-ақ «Орал — Тасқала — Озинки РФ шекарасы» және «Қазталов — Жәнібек — Бөкей ордасы» автожолдарының құрылысы барысымен танысты.

Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының өкілдерімен кездесу кезінде Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын орындау аясында жергілікті жол желілерінің жай-күйін жақсарту және автожолдарды толыққанды жаңғыртудың өзекті мәселелері талқылады.

Кездесуді ашқан Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының жалпы Батыс Қазақстан облысының дамуына, оның ішінде ел дамуының басты экономикалық драйверлерінің бірі ретінде автомобиль жолдарының жай-күйіне, және елдің өңіраралық және аймақішілік жұмылуына ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Облыстағы автожолдарды жөндеу үшін 2014–2017 жж. бастап 24,9 млрд теңге бөлінген. 453 шақырым жол жөнделген, сонымен қатар облыс орталығы Қаратөбе, Шыңғырлау және Жаңақала аудан орталықтарымен қосылған. Сондай-ақ облыстағы бірқатар аудандарда ауданішілік жөндеу жұмыстары жүргізілген, Бөрлі және Сырым аудандарының орталықтары қосылған.

Жергілікті жолдардың жай-күйін түбегейлі жақсарту үшін Елбасы биыл Батыс Қазақстан облысына жасаған сапары аясында қосымша қаражат бөлуді тапсырған болатын. Осылайша, 23,9 млрд теңге бөлінді, оның 11 млрд теңгесі Тасқала ауданына, 1,7 млрд теңгесі Казталов ауданына бағытталды. Талқылау барысында бөлінген қаражат есебінен, сонымен қатар, «Орал — Саратов» бағытындағы жолдың қайта жөнделуі аяқталатыны айтылды. Аталған жолды жаңғырту есебінен жолға жұмсалатын уақыттың 1,5 есеге қысқаруына орай шекара маңындағы өңірлердің экономикалық белсенділігінің артуы күтіліп отыр.

Бұдан өзге, алдағы 3 жылда жергілікті бюджеттен қоса қаржыландырумен республикалық бюджеттен 18 млрд теңге көлемінде трансферттер қарастырылған. Жалпы көлемі 36 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде 700 шақырымнан астам автожол жөнделеді.

«Қазавтожол» АҚ басқарма төрағасы Е. Қизатов 2015–2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының Батыс Қазақстан облысында іске асырылуы туралы баяндай отырып, өңір картасында жолдарды салу және реконструкциялау барысын көрсетті. Оның айтуынша, 2018 жылы жалпы сомасы 16 млрд теңгеден асатын сомаға 13 жобаны іске асыру қарастырылған.

Биыл екі жобаны іске асыру жоспарланған: «Бөрлі — Ақсай — Жымпиты» автожолын реконструкциялау және «Подстепное — Федоровка — РФ шекарасы» республикалық трассасынан БҚО Теректі ауданы, Алғабас станциясына дейінгі автокөлік жолын реконструкциялау жобалары. 6 айдың қорытындысы бойынша игеру деңгейі 100% құрайды. 2018 жылы «Облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың күрделі және орташа жөндеу жұмыстары» бағыты бойынша 3 млрд теңге сомасына 5 жобаны іске асыру көзделген.

Өз кезегінде инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Р. Скляр Батыс Қазақстан облысының жалпы пайдаланымдағы автожолдарының жалпы ұзындығы 6 496 шақырымды құрайтынын айтты. Жылдың соңына дейін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу үшін алты лот бойынша тендер өткізіледі. 2014 жылмен салыстырғанда жергілікті маңыздағы автожолдардың жағдайы 4%-ға жақсарған. Жалпы, 2025 жылға қарай жергілікті маңыздағы автожолдардың 75%-ын жақсарту жоспарланып отыр.

Кездесу барысында жергілікті жұртшылық атынан сөз сөйлеген Бөкей ордасы ауданының Ардагерлер кеңесінің төрағасы И. Машутов облыста республикалық және жергілікті маңыздағы автожолдарды жөндеудің ауқымды жұмысы басталғанын атап өтті.

«Жоғары сапалы автожолдардың құрылысы жергілікті туризмді дамытуға және осы тамаша өлкенің танымалдығын арттыруға жол ашады», — деді И. Машутов.

Кездесудің қорытындысын шығара отырып, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Инвестициялар және даму министрлігіне «Қазавтожол» АҚ-мен және облыс әкімдігімен бірлесе отырып барлық аталып өткен ұсыныстарды ескеруді, сондай-ақ барлық жол учаскелерінде жоспарланған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын бақылауда ұстауды тапсырды.

«Орал — Тасқала — Озинки РФ шекарасы» жолының салынып жатқан учаскесін тексеру барысында Премьер-Министр жол инфрақұрылымын жаңғырту бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Автожолдың ұзындығы 100 шақырымды құрайды, оның 27 шақырымы өткен жылы аяқталды. Биыл жөндеу жұмыстарына 9,5 млрд теңге бөлінді.

Облыс әкімінің орынбасары М. Сатқанов құрылыс аяқталғаннан кейін, осы жылдың қараша айында аталған автожол бойынша тәулігіне 7,5 мың автокөлік жүретінін айтты. Жолда жүру уақыты 1,5 есеге азаяды. Жол жабыны 13 тонналық автокөлік салмағын көтереді. Жалпы алғанда, жол уақытын қысқарту есебінен автожолдарды реконструкциялау шекара маңындағы өңірлердің экономикалық белсенділігін арттырады деп көзделген.

Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев «Казталов — Жәнібек — Бөкей ордасы» автожолының учаскесін жөндеу барысымен танысты. Елбасы тапсырмасына сәйкес, Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының орталықтарын облыс орталығымен байланыстыру мақсатында жалпы ұзындығы 245 шақырым болатын «Казталов — Жәнібек» және «Өнеге — Бисен — Сайхин» автожолдарын күрделі жөндеу жұмыстарын жобалау басталды. Жобаларды 2019–2021 жылдары жүзеге асыру жоспарланған.

www.primeminister.kz

Жарияланды: 26 шілде 2018

Мұрағат

Шілде
2018
ДсСсСрБсЖмСнЖк
1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту