Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев 2017-ші жылы Алматы қаласында 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарын өткізу және оған дайындық мәселелеріне арналған кеңес өткізді.

Кеңеске қатысушылар спорттық ғимараттар құрылысының барысын, Қазақстанның студенттік құрама командасының дайындығын, сондай-ақ алау Эстафетасын өткізу мәселесін талқылады.

Б.Сағынтаев кеңес қорытындысы бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары И.Тасмағамбетовке 2017-ші жылы Алматы қаласында 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарына дайындық мәселелерін бақылауға алуды тапсырды.

Анықтама үшін: Бүкіләлемдік қысқы Универсиада 2017 жылы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласында өтеді. Қазіргі таңда 58 мемлекет жарысқа қатысатынын растады. Универсиадада спорттың 12 түрі бойынша 86 медальдар жиынтығы ұтысқа салынады. Сондай-ақ, жарыстар 8 спорттық нысанда: «Алматы Арена» және «Халық Аренадан» бөлек, «Шымбұлақ», «Медеу», «Сұңқар» трамплині, Б.Шолақ атындағы Спорт сарайы, «Алатау» шаңғы-биатлон стадионы және Алматы облысындағы «Табаған» кешенінде өтеді.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

 

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2016 жылғы 5 тамыздағы «ҚР Премьер-Министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасарлары және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы арасындағы міндеттерді бөлу туралы» өкіміне өзгерістер енгізу туралы» өкімге қол қойды.

Құжатқа сәйкес, ҚР Премьер-Министрінің қарауына экономикалық, қаржы, фискалдық және кедендік саясат, мемлекеттік бюджетке қатысты стратегиялық мәселелер, мемлекетаралық қарым-қатынас мәселелері және халықаралық ынтымақтастық, шетелдік инвестицияларды тарту және инвестициялық ахуалды жетілдіру және басқалары кіреді.

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Маминнің міндеттеріне экономиканы және аймақтық саясатты жедел басқару, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану, құрылысты дамыту және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, көлік инфрақұрылымын және логистиканы дамыту, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, энергияның жаңартылатын көздері, көмір, атом өнеркәсібі және ядролық энергетиканы дамыту мәселелері бекітілді. Сонымен қатар, ол төтенше жағдайларға және жұмылдыру жұмыстарына, әскери-өнеркәсіптік кешенді, шағын және орта бизнесті дамыту, жылу беру маусымдарына дайындадық және оны өткізу, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі мәселелеріне және басқаларына жауапты. Премьер-Министрдің Бірінші орынбасарының құзыретіне сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау, ұйымдар мен мемлекеттік органдардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамту үлесін ұлғайту бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру, өнеркәсіпті, инновацияларды, техникалық реттеу, электр энергетикасы, геология және жер қойнауын пайдалану, мұнай химиясы, ақпараттық технологиялар, туризм, экспорттық бақылау және басқа мәселелер кірді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовке білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік жаңғырту, әлеуметтік саясат, жұмыспен қамту, дін, спорт, мәдениет, демографиялық және көші-қон саясаты, мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруды үйлестіру және басқа мәселелер бекітілді.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары, су ресурстары, орман шаруашылығы, жануарлар әлемі және басқа мәселелерге жетекшілік етеді.

Премьер-Министр Кеңсесі­нің Басшысы Ерлан Қошанов Премьер-Министрді және Үкі­мет басшылығын ақпарат­тық-талдау, құқықтық, ұйымдас­ты­рушылық, хаттамалық, құжаттамалық, материалдық-тех­ни­калық және өзге де мәселелерді қамтамасыз етуді іске асырады.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

        Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Елбасының Жарлығы бойынша жаңадан құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұжымына министр Нұрлан Ермекбаевты таныстырды.

        «Жаңа министрліктің алдында өте үлкен міндеттер тұр. Бұл – өте маңызды әрі күрделі сала. Сондықтан мен Нұрлан Байұзақұлының түрлі лауазымды қызметтердегі үлкен тәжірибесі барын ескере отырып, министрліктің тиімді жұмысын ұйымдастырады деген сенімдемін» - деді Үкімет басшысы.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

       Бүгін Астанада Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Елбасының тапсырмасы бойынша Әділет министрлігінің ұжымына жаңа министр Марат Бекетаевты таныстырды.

        «Әділет министрлігінің алдында 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының ең маңызды бағыты – Заңның үстемдігін қамтамасыз етуді іске асыру бойынша үлкен міндеттер тұр. Елбасы заң жобаларының дайындалуы мен қабылдануына да жаңа талаптар қойып отыр» - деді Үкімет басшысы. Сондай-ақ, «еліміздің Парламентімен арадағы өзара іс-қимыл жаңа, үйлесімді деңгейде жүзеге асырылуы тиіс» екенін атап көрсетті.

        Б.Сағынтаев М.Бекетаевтың Елбасы сенімін ақтайтындығына және министрлік жүктелген міндеттерді сәтті орындайтынына сенім білдірді.

        Сонымен қатар, Премьер-Министр министрліктің бұрынғы басшысы Берік Имашевқа атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, ҚР Орталық Сайлау комиссиясының төрағасы лауазымындағы жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов «Қазақстан Республикасының Премьер-министрі, Премьер-министрдің орынбасары және Премьер-министр Кеңсесі басшысының міндеттерін бөлу туралы» өкімге қол қойды.

Құжатқа сәйкес экономикалық, қаржылық, қазыналық және кедендік саясат, мемлекеттік бюджеттің стратегиялық мәселелері, мемлекет аралық қатынастар мен халықаралық серіктестік мәселелері, шет ел инвестицияларын тарту және инвестициялық климатты жақсарту және т.б. мәселелер Премьер-министрдің құзырында болады.

Экономиканы және аймақтық саясатты жедел басқару, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану, құрылысты дамыту және ТКШ жаңғырту мәселелері ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың міндеттерінің санатына жатқызылған. Сондай-ақ вице-премьер төтенше жағдайлар мен мобильдендіру жұмыстарына, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін, шағын және орта бизнесті дамытуға, жылыту маусымдарының дайындығына және оны атқаруға, ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесіне және т.б. жауапты.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаеваға білім және ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат, жұмыспен қамту, дін, ақпарат, спорт, мәдениетті дамыту және т.б. жүктелген.

Премьер-министрдің орынбасары – ҚР ауыл шаруашылық министрі Асқар Мырзахметов агроөнеркәсіп кешенінің мәселелері, жер қатынастарын, су ресурстары, орман шаруашылығы, жануарлар әлемі және т.б. мәселелерге жетекшілік етеді.

ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің басшысы Ерлан Қошанов ақпараттық-талдамалық, құқықтық, ұйымдастырушылық, хаттамалық, құжаттық материалдық-техникалық жұмыстарға және Премьер-министр мен Үкімет басшылығын басқа да қамтамасыз ету мәселелеріне жауапты.

Сондай-ақ ҚР Премьер-министрі Кеңсесінің басшысы орталық және жергілікті атқарушы органдар мен ведомстволардың Үкіметтің шешімдерін дайындауы және оларды жүзеге асыруды ұйымдастыруы бағытындағы қызметін,  мемлекеттік және атқарушылық тәртіпті сақтау, мемлекеттік құпияларды қорғау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша жұмыстарын үйлестіреді.

Өкім арқылы министрлердің өздері басқарып отырған мемлекеттік органдардың стратегиялық басымдықтарды жүзеге асыру бойынша қызметіне және нәтижеге бағытталған Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес құжаттарға жеке жауапкершілігі белгіленді.

ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі

Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Францияның Астанадағы елшілігінде болып, Ниццада орын алған террорлық актіге байланысты Көңіл айту кітабына жазба қалдырды. Премьер-Министр өзінің твиттер-аккаунтында: «Франция Елшілігіне бардым. Посетил Посольство Франции. @AmbaFranceKZ #Nice06» - деп жазды.

«Өкінішке қарай қаза тапқандар арасында Қазақстанның төрт азаматы бар. Олардың туған-туыстарымен бірге біздің де қабырғамыз қайысады және қайғыра көңіл айтамыз»-деді К.Мәсімов

Бұдан бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасы мен туған-туысына, барша француз халқына көңіл айта отырып, Франция Президенті Франсуа Олландқа телеграмма жолдаған болатын.

ҚР Премьер-Министрінің Басапсөз қызметі

Үкімет Үйінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасымен екі жатқы ынтымақтастығы мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Кеңес қатысушылары өзара сауда, өнеркәсіп кооперациясы, ғарыш саласы, АӨК, гуманитарлық саладағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Кеңес барысында 21-22 шілдеде Гомельде өтетін Қазақстан-Беларусь үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысын дайындау барысы талқыланды.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Қырғыз Республикасының Вице-премьер-министрі Олег Панкратов бастаған делегациясымен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында екі жақты қарым-қатынастың, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы байланыстың түрлі мәселелері қаралды.

Тараптар сауда-экономикалық серіктестік аспектілерін, екі елдің энергетика жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелерін талқылады. Көлік-жол саласына қатысты тараптар автокөлік және теміржол байланысын дамытуға күш салуға уағдаласты.

Одан бөлек Бақытжан Сағынтаев пен Олег Панкратов фитосанитарлық талаптарды сақтай отырып  өзара тасымалданатын ауыл шаруашылық өнімдерінің көлемін арттыру мүмкіндіктерін, су жеткізу, көші-қон, ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы серіктестік мәселелерін қарастырды.

Келіссөздер барысында тараптар тауарлар мен қызметтер, көлік-жол, энергетика, туризм сынды салаларда екі елдің өзара байланысын нығайтуға ниетті екендіктерін білдірді.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Сәрсенбі, 13-шілдеде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Үкімет үйінде Каспий маңы мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерімен кездесті.

Премьер-Министр сыртқы саясат ведомстволарының басшыларына Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдағандары үшін алғыс білдірді.

Кәрім Мәсімов «Каспий бестігі» шеңберіндегі ынтымақтастықтың көңіл қуантатынын, соңғы жылдардағы мемлекеттер арасындағы өзара қарым-қатынастың қарқын алғанын атап өтті.

Қатысушылар көп салалы серіктестік мәселелері мен Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін талқыға салды.

«Каспий теңізі – бұл мемлекет дамуындағы маңызды мәселе. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасын қабылдау үшін біз өзара тиімді шешім табамыз деген үміттемін. Бұл барлық ел үшін үлкен қадам болмақ» - деді К.Мәсімов.

Кездесу соңында тараптар достық қарым-қатынасты әрі қарай нығайтуға, барлық саладағы, оның ішінде Каспий теңізін теңдей пайдалану, Каспийдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде өзара тиімді серіктестікті дамытуға дайын екендіктерін қуаттады.

Еске салайық, Әзірбайжан, Иран, Ресей мен Түрікменстанның сыртқы істер министрлері Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасын талқылау үшін Астанаға келген болатын. 

 

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Рудный қаласындағы металл өңдейтін зауыт - «ССКӨБ» АҚ-да болып, өндірістік процеспен танысып, зауытта шығарылатын өнімдерді көрді.

«ССКӨБ» АҚ – Қазақстандағы темір кенін өндіретін және қайта өңдейтін ірі кәсіпорын. Рудныйдағы өндіріс қаладағы негізгі өндіріс болып табылады. Мұнда 19 мың маман жұмыс істейді.

Бірлестік құрамына Соколов, Сарыбай, Қашар, Қоржынкөл кеніштері, Соколов шахтасы, кентас дайындау және жентектеу кешендері кіреді. ССКӨБ негізгі өнімі - темір кенінің жентегі мен концентрат. Бұлар домна өндірісі үшін шикізат болып табылады. Өнім Қазақстан, Ресей мен Қытайдың кәсіпорындарына жөнелтіледі.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Кәрім Мәсімов Рудный қаласындағы сүт өнімдерін шығаратын «Лидер-2010» ЖШС-да болып, азық-түлік өнеркәсібінің дамуымен танысты. Өңдеуші кәсіпорын қызметкерлері Кәрім Мәсімовке өндіріс процесін, дайын өнімдердің үлгілерін көрсетті.

Осында ауыл шаруашылық құрылымдары басшыларының қатысуымен мал шаруашылығын дамытуға қатысты жиын өтті.

Премьер-Министрдің орынбасары – ауыл шаруашылық министрі Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығының қазіргі ахуалы туралы, агробизнес өкілдері аталмыш саладағы өзекті мәселелер туралы баяндама жасады.

Талқылау барысында отандық кәсіпорындардың толық қуатымен жұмыс істеуіне, шығарылатын өнімдердің сапасын арттыру мәселелеріне  баса назар аударылды.  

Премьер-Министрдің пікірінше елімізде мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге және қайта өңдеуге әлеует жеткілікті. Бұл өз кезегінде отандық кәсіпорындардың толық қуатымен жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы орайда К.Мәсімов шаруаларды шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жұмыстарын күшейтуге, заманауи технологияларды белсенді түрде меңгеріп, маркетинг қызметін жолға қоюға шақырды.

Талқылауды түйіндеген Премьер-Министр ҚР Ауыл шаруашылық министрлігіне осы жиында көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстарды, жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдаланып ауыл халқын жұмыспен қамту шараларын қарастыруды тапсырды.

Биылғы жылдың 1-қаңтарындағы есеп бойынша өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда республиканың барлық санаттағы шаруашылықтарындағы сиыр саны 2,5%, жылқы 6,8%, қой 1,0%, құс 1,7% өскен. Сондай-ақ ет өндірісі 3,4%, тауық жұмыртқасын өндіру 10,4% және сиыр сүтін өндіру 2,3% артқан.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қостанай қаласының мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасымен танысты.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КАҚ басқарма төрағасы Данияр Еренчинов Кәрім Мәсімовке операциялық залдардың жұмысы туралы баяндап, тіркеу, көлік құралдарын есепке алу және жүргізуші куәліктерін беру кезіндегі мемлекеттік қызмет көрсету процесімен таныстырды.

Мамандандырылған ХҚО конференц-залында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелеріне қатысты жиын өтті. Мемлекеттік қызметтің мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімді болуына баса назар аударылды.

Кәрім Мәсімов жиынды қорытындылай келе, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігі мен айқындығын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Себебі аталған қызметтердің сапасына қарай халық Үкімет жұмысының тиімділігін бағалайды.

Премьер-министр өзінің твиттердегі парақшасында бұл жиынды «Президенттің 100 қадамының нақты жүзеге асуы»-деп атады.

Еске салайық, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызмет көрсетудің айқындығын қамтамасыз ету, қажетсіз әкімшілік кедергілерді азайту, талап етілетін құжаттар тізімін қысқарту мақсатында «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асыру шеңберінде құрылған. Мемлекеттік корпорация төрт кәсіпорынды біріктіреді: халыққа қызмет көрсету орталығы, жылжымайтын мүлік орталығы, зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық және жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

120716

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Бейжіңде ҚКП ОК Саяси бюро тұрақты комитетінің мүшесі, ҚХР мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Чжан Гаолимен кездесу өткізді.

Бұл кездесу Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қыркүйек айында Ханчжоу қаласына G20 Саммитіне қатысу үшін Қытайға барар сапарының қарсаңында болып тұр.

Бақытжан Сағынтаев пен Чжан Гаоли Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған жаңа «Нұрлы жол» экономикалық саясаты мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу – бір жол» бастамасының шеңберіндегі жобалардың жүзеге асырылуын талқылады. Бұл бастамалар екі ел арасындағы серіктестікке жаңа серпін береді.

Екі ел басшыларының екі жақты тауар айналымын 2020 жылға дейін 40 млрд АҚШ долларына жеткізуге қатысты қойған міндеттерін жүзеге асыру үшін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары сауда-экономикалық серіктестікті әртараптандыру бойынша бірлескен Бағдарлама әзірлеп, онда сауда-саттық кедергілерін жою жөніндегі ережелерді қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ келіссөздер барысында инновациялық серіктестік мәселелері, ауқымды транспорттық жобалар шеңберіндегі, энергетика, ауыл шаруашылық саласындағы өзара байланыс мәселелері талқыланды.

Осы сапар аясында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Сиань қаласына барып, Шэньси провинциясының партком хатшысы Лоу Цзинцзянмен келіссөз жүргізіп, Қытай бизнесінің өкілдерімен кездесіп, жоғары технологиялар, аэроғарыштық әзірлемелер, биофармацевтика, АӨК  саласындағы технологиялық орталықтар жұмысымен танысады.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қостанайда «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-ға барған кезінде отандық автокөлік кластерінің дамуымен танысты.

Кәрім Мәсімов кәсіпорында жинау-құрастыру процесімен танысып, дәнекерлеу, бояу, ұсақ торапты және ірі торапты жинау цехтарының өндірісін, жеңіл автокөліктерді, коммерциялық техниканы, астық жинайтын комбайндарды, электрмен жүретін көліктерді көрді.

Премьер-Министр кәсіпорын басшылығымен Қазақстандағы автокөлік жасау саласының дамуы, саланы мемлекеттік қолдау шаралары мен сұранысты арттыру мәселелерін талқылады.

Кәсіпорында 600 адам жұмыс істейді. Биылғы қаңтар-мамыр айларында мұнда  Iveco, Ssang Yong, Toyota, Peugeot және Jac маркалы 1665 автокөлік шығарылған.

Еске салайық, ҚР Премьер-Министрінің жұмыс сапарларын келесі facebook және twitter ресми парақшаларында live режимінде көруге болады: https://www.facebook.com/pmkzofficial/  және  https://twitter.com/pmkz_site.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Архив

Қыркүйек
2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту