Бүгін Үкімет Үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Астанаға жұмыс сапарымен келген Түрік  Республикасының  Премьер-Министрі  Ахмет Давутоғлумен кездесті.

Екеуара және кеңейтілген құрамда өткен келіссөз барысында  тараптар түрлі салалар бойынша екіжақты қарым – қатынастарды дамыту жайын талқылап, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. 

Атап айтқанда, үкіметтер басшылары сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестиция салаларында өзара ықпалдастықты кеңейтудің болашағын қарастырды.

К.Мәсімов пен А.Давутоғлу біздің елдеріміздің арасындағы әріптестік деңгейін жоғары бағалай отырып, мемлекетаралық байланыстардың барлық бағыттары бойынша өзара іс-қимылды әрі қарай жалғастыруға әзір екенін атап көрсетті.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов селекторлық режимде ҚР Үкіметінің кезекті отырысын өткізді, оның барысында мүлікті жария ету бойынша науқан өткізу туралы мәселе қаралды. 

Өз сөзінде ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өткен жылдың қараша айында заңнама енгізіліп, «аталған науқанға қоғам сенімін шектеген» жария ету шаттары жойылғанын баса айтты. 

«Жаңа түзетулердің бірі – банк шоттарынан жария етілген ақшаны мерзімінен бұрын алу кезінде жария етуге 10% алым алып тасталды. Сонымен қатар, аталған норманың кері күші бар. Яғни, осы алымды төлегендердің бәрі өз ақшаларын бюджеттен қайтарып ала алады. Алайда, азаматтар әзірге бұл қаражатты қайтарып алуға асықпай отыр. Жалпы, республика бойынша бұл 3,1 млрд. теңге», - деп мәлімдеді Б.Сұлтанов.

Министрдің айтуынша, «ескі» жағдайларда, яғни 2015 жылдың 1 желтоқсанына дейін 428 млрд. теңге жария етілді. «Жаңа» жағдайларда қарқындарда ілгерілеу бар. Тек желтоқсан мен қаңтар айларында 160 млрд. теңге немесе науқанның өткен 15 айында жария етілгеннің үштен бір бөлігі жария етілді. Оның ішінде мүлікпен жария етілгені – 109 млрд. теңге. Осы кезеңде банктерде қосымша 41 шот ашылып, оларға 51 млрд. теңге аударылған. Осылайша, жария етілген ақшаның өсу қарқыны 2015 жылдың 1 желтоқсанымен салыстырғанда 61% құрады.

«Ағымдағы жылдың қаңтар айының соңына барлығы 588 млрд. теңгенің активтері жария етілді. Бүгінде бұл сома 600 млрд. теңгеден асты, ал азаматтардың екінші деңгейлі банктердегі шоттарға аударған қаражат сомасы 150 млрд. теңгеден асты. Бұл - өңделген өтініштер, олар бойынша шешімдер қабылданды. Бұдан өзге, шамамен 300 млрд теңге сомаға мүлік бойынша 30 мыңға жуық өтініш өңделуде жатыр. Яғни, науқанға қызығушылық пен әлеует зор», - деп мәлімдеді Қаржы министрлігінің басшысы. 

Аталған науқан аясында Қаржы министрлігі әкімдіктермен бірге белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осылайша, тек соңғы төрт айдың өзінде 700-ге жуық мақала жарияланды; шамамен 1 500 телесюжет, сұхбаттар көрсетілді; 1 600-ге жуық «дөңгелек үстелдер», семинарлар өткізілді.

Сонымен қатар, талдау барысында ведомство бірқатар мәселелерді анықтады. Олардың ішінде, комиссиялардың өтініштерді қарау мерзімдерін арттыру, заңнамалық түрде бекітілмеген қосымша құжаттарды талап ету, бірқатар өңірлердің жергілікті атқарушы органдары мен банктер тарапынан әлсіз насихаттау және түсіндіру жұмыстары.

Осыған байланысты Б.Сұлтанов облыс әкімдіктері мен екінші деңгейлі банктерді ақпараттық жұмысты жандандырып, заңнаманың бұзылмауын мұқият қадағалауға шақырды. 

«Министрлік желісі бойынша 2017 жылдан бастап жалпыға бірдей декларациялауды енгізу бойынша міндет тұр. Біз ФАТФ (Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобы) аясында мемлекеттермен қазақстандықтардың шетелдегі есепшоттары мен мүліктері туралы ақпарат алмасу бойынша екі жақты және көп жақты байланыстарды ретке келтіріп жатырмыз. Ағымдағы жылы бақылау жүйесі реттеледі. Сонымен қатар, біз қазыналық органдардың тексеруінен кейін санкцияға ілікпес үшін қазір науқан жүріп жатқанда жария еткен дұрыс деп түсіндіріп жатырмыз», - деп түйіндеді Б.Сұлтанов.

Сондай-ақ, аталған мәселе бойынша ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов және бірқатар облыстардың әкімдері сөз сөйледі. 

Отырыс қорытындысы бойынша Үкімет басшысы К.Мәсімов Қаржы министрлігіне, облыстар, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне Ұлттық банкпен бірге жария ету туралы заңның жаңа нормаларын, оның ішінде БАҚ арқылы түсіндіру жұмысын күшейтуді тапсырды. 

«Бұл жұмыстарды үйлестіру Б.Сұлтановқа жүктеледі, айына бір мәрте осы мәселеге орай Үкімет отырысын өткіземіз», - деп түйіндеді К.Мәсімов.

 

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

725x325px prav

 

Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Италияның Ауыл шаруашылығы, азық-түлік және орман саясаты министрі Маурицио Мартинамен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы, АӨК-дегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы ынтымақтастықты дамытудағы жоғары әлеуетті атап өтті.

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Миландағы ЭКСПО-2015 сәтті өткізгеннен кейін Италияның 2017 жылы Астанада өтетін көрмеге қатысуы маңыздылардың бірі болатындығына сенім білдірді.

Бақытжан Сағынтаев пен Маурицио Мартина сондай-ақ Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) мүшелігі жағдайында республиканың агросекторын дамытуды талқылады.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Жұма, 22 қаңтарда Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің Грузия Премьер-Министрі Георгий Квирикашвилимен кездесуі өтті.

Жүздесу барысында Үкімет басшылары газ өндіру және тасымалдаудағы өзара іс-қимыл жайын талқылады. Тараптар осы саладағы кездесіп отырған мәселелерді шешуге ықпал ететін жұмыс тобын құруға уағдаласты.

Кездесу қорытындысы бойынша екі елдің Премьер-Министрлері өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Visa Inc. төрағасының тәуекелдер және мемлекеттік саясат жөніндегі орынбасары Эллен Ричимен кездесу өткізді.

Әңгіме барысында тараптар қазақстандық электрондық аударымдар нарығындағы ағымдағы жағдайды және даму перспективаларын, сондай-ақ төлем терминалдарының қолжетімділігін ұлғайту мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша К.Мәсімов пен Э.Ричи Қазақстанда төлем нарығын дамытуға жәрдемдесетін жобалар бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Бейсенбі, 21 қаңтарда Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Азия даму банкінің президенті Такехико Накаомен кездесті.

К.Мәсімов Т.Накаоны Азия даму банкінің 50-жылдық мерейтойымен құттықтап, көп жылдық ынтымақтастығы үшін алғысын айтты. Серіктестік барысында көлік инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, қаржы секторында бірқатар жоба жүзеге асырылды. 

Өз кезегінде, Т.Накао Азия даму банкінің көп мерзімдік серіктестеріне қолдау көрсетуге ұмтылатынын айтты.

Кездесуге қатысушылар сонымен бірге алдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылап, Қазақстандағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің дамуына ерекше көңіл бөлді.

Сұхбат соңында К.Мәсімов пен Т.Накао серіктестік қатынастарды өзара тиімді негізде жалғастыру керектігі жөнінде пікірлерін айтты.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Кеше, 21 қаңтарда Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысу аясында Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Еуропалық инвестициялық банктің президенті Вернер Хойермен кездесті.

Кездесуге қатысушылар шағын және орта бизнесті қолдау бойынша бірлесіп жүзеге асырған жобалар жайлы пікір алмасып, сондай-ақ жаңартылмалы энергетика саласындағы екі жақты инвестициялық ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. 

К.Мәсімов пен В.Хойер өзара тиімді серіктестік қатынастарды дамытуға зор әлеуетті атап өтіп, болашақ ынтымақтастық үшін басым бағыттарды анықтады.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовтің Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің Президенті С.Чакрабартимен және трансұлттық корпорациялардың басшыларымен өткен кездесулерінде Қазақстанның елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру саласындағы табыстары таныстырылып, талқыланды.

Сондай-ақ, кездесу барысында Қазақстан Республикасының соңғы 15 жылда ел экономикасына 215 млрд АҚШ долларынан астам тікелей инвестициялар тартуға мүмкіндік берген инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүргізілген реформалары қарастырылды. ЕҚДБ Қазақстан экономикасына 7 млрд астам АҚШ долларын инвестициялады және 2016 жылы Қазақстанға инвестициялайтын отандық және шетелдік компанияларды қаржыландыруды жалғастыруды көздеп отыр.

Кездесуге қатысушылар сондай-ақ инвесторлардың ел экономикасына қатысуын және алдағы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту, оның негізінде Астанада Халықаралық қаржы орталығын құру мүмкіндіктерін талқылады. ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов аталған жобаларға белсенді қатысуға шақырды.

Өз кезегінде, АҚШ, Ұлыбритания, Түркия және Үндістан сияқты елдердің халықаралық танымал компанияларының өкілдері Қазақстанның елдің инвестициялық тартымдылығын жақсарту, оның институционалдық негізін нығайту бағытындағы бастамаларын жоғары бағалап, одан әрі ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екендіктерін білдірді.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

 

Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум барысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Түркия Республикасының Премьер-Министрі Ахмет Даутоғлымен кездесті.

Түркия Үкіметінің басшысы А.Даутоғлы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сәлемін жолдап, игі тілектерін жеткізді.

Қазақстан және Түркия Үкіметі басшылары қазіргі экономикалық ахуалды жаһандық және жерілікті деңгейде талқылап, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Кездесу соңында К.Мәсімов пен А.Даутоғлы өзара тауар айналымын ұлғайту бойынша жұмысты жандандыру қажеттігін айтып өтіп, ұзақ мерзімді іскерлік қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға келісті.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысу аясында Қазақстанның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Marubeni Corporation директорлар кеңесінің төрағасы Теруо Асадамен кездесті. 

Әңгіме барысында энергетика, экономканың энергетикалық және көліктік салаларындағы өзара іс-қимылды дамыту, баламалы энергия көздері саласындағы жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. 

Сондай-ақ, тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге әлеуеттің зор екенін атап өтіп, іскерлік қатынастарды одан әрі нығайтуға мүдделіліктерін жеткізді.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Қосымша ақпаратты  www.primeminister.kz  сайтынан көріңіздер

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі мен Дүниежүзілік банк Президенті Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасында ҚР-да кеңселерді ашу және олардың қызметі туралы Келісімге қол қойды.

Бүгін Давостағы (Швейцария) Дүниежүзілік Экономикалық форум аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов пен Дүниежүзілік Банк Президенті Джин Кимнің кездесуі өтті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік банкпен әрі қарай ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады және ҚР Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасында ҚР-да кеңсе ашу және олардың қызметі туралы Келісімге қол қойды (Құрылтай келісімі). 

Жаңа Құрылтай келісіміне қол қою Қазақстан мен Дүниежүзілік Банк арасында ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға және 2014 жылғы мамырда тұрақты даму мен инклюзивті өсудегі бірлескен күш-жігерді қолдау үшін қол қойылған серіктестік жөніндегі Шектелмелі келісімді толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қазақстан Дүниежүзілік Банк Тобына 1992 жылы қосылды. ҚР-ның Тәуелсіздік жылдарында Дүниежүзілік банк 7,9 миллиард АҚШ доллары сомасына 45 жобаға инвестиция салды. Бүгін Қазақстандағы Дүниежүзілік Банк бағдарламасы білім беру, денсаулық сақтау, инновациялар, сондай-ақ көліктік инфрақұрылым мен қоршаған ортаны қорғау салаларындағы институционалдық дамуға шоғырланған. 

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Қосымша ақпаратты  www.primeminister.kz  сайтынан көріңіздер

Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Нидерланды Корольдігінің Премьер-Министрі Марк Рюттемен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар екі жақты әріптестікті дамыту мәселелерінің кең ауқымын талқылады, сондай-ақ Қазақстан мен Нидерланды арасындағы инфрақұрылымдық, сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықтың перспективалары жөнінде пікір алмасты.

К.Мәсімов өткен жылдың желтоқсанында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы Келісім біздің елдеріміздің арасындағы екі жақты ынтымақтастықты нығайтуға жәрдемдесетініне сенім білдірді.

Кездесу соңында Үкіметтер басшылары екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайту және өзара іс-қимыл салаларын кеңейтуге елеулі әлеуеттің бар екендігін айтып өтті.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Қосымша ақпаратты  www.primeminister.kz  сайтынан көріңіздер

Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Кембридж энергетикалық зерттеулер қауымдастығының төрағасы Дэниель Ергинмен кездесу өткізді.

Әңгіме барысында тараптар жаһандық мұнай нарығындағы ағымдағы жағдай мен Қазақстанның энергетикалық саласының дамуы перспективлары туралы пікір алмасты. 

Шикізат тауарларына төмен бағаларға соқтырып отырған жаңа жағдайларға бейімделу қажеттігі туралы айта отырып, Д.Ергин Қазақстанда жүргізіліп жатқан экономикалық реформаларды құптайтынын білдірді, сондай-ақ энергияның баламалы көздерін пайдаланудың зор әлеуетін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар энергетика саласындағы стратегиялық зерттеулерді жүргізуде одан әрі ынтымақтастықты нығайтуды жақтады.

ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Қосымша ақпаратты  www.primeminister.kz  сайтынан көріңіздер

Бүгін Үкімет Үйінде Жаңа жылды мерекелеуге арналған салтанатты жиын өтті, оның барысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқыды.

Іс-шараға Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдар және ұлттық компаниялар басшылары, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің қызметкерлері қатысты. 

Өзінің құттықтауында Мемлекет басшысы өткен жылы Қазақстан ілгерілемелі даму жолымен сенімді жылжығанын айтып өтті. Президенттік сайлау өтіп, онда қазақстандық қоғамның ауызбірлігі және елді кешенді жаңғыртудағы таңдалған бағыттың дұрыстығы расталды. Айтулы оқиғалар Ұлы Жеңістің 70-жылдық мерейтойы, Конституцияның 20-жылдығы, Қазақ хандығының 550-жылдығы және Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20-жылдығы болды. 

«Индустриялды-инновациялық және инфрақұрылымдық дамудағы маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен жалтарған жоқ, қазақстандықтар ертеңгі күніне сенімді. ЕАЭО аясында экономикалық интеграция одан әрі нығайтуға ие болды, сондай-ақ еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді», - делінген ҚР Президентінің құттықтауында. 

Елбасы сыртқы нарықтардағы жағымсыз оқиғаларға қарамастан Қазақстан экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтай алғанын баса айтты. Ағымдағы шаралар жедел әрі сапалы жүзеге асырылды, Бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға қажетті база әзірленді. 

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкімет мүшелеріне, Премьер-Министр кеңсесінің және атқарушы биліктің орталық органдарының барлық қызметкерлеріне ерен еңбегі мен мемлекетіміздің өркендеуіне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

«Келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Зор денсаулық, елімізді дамытуда кәсіби табыстар және отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!», - деп түйіндеді Президент өз құттықтауында.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Қосымша ақпаратты  www.primeminister.kz  сайтынан көріңіздер

Архив

Желтоқсан
2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту