ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қостанай облысындағы тұрғын үй құрылысымен танысты.

Облыс орталығында Кәрім Мәсімов мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде тұрғызылып жатқан жаңа «Әуежай» ықшам ауданының құрылыс алаңында болды.

Ықшам ауданда жалпы ауданы 14 300 км метрді құрайтын төрт тұрғын үй салынып, пайдалануға берілген. Тағы 23 үйдің құрылысы жоспарланған. Құрылыстың жалпы ауданы 165 мың кв метрден асады. 280 орындық екі балабақша, 900 орындық жалпы білім беретін мектеп құрылысы жоспарланып, балалар ойнайтын алаң мен спорт алаңдары, автокөлік қоятын орын мен демалуға арналған алаңдар қарастырылған.

Қостанай облысы әкімдігінің мәліметі бойынша биыл аймақта 185 мың кв метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша – 32,6 мың кв метр.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қостанай қаласы әуежайының жұмысын тексерді.

Премьер-министр өзінің твиттердегі парақшасында: «Қостанай қаласы әуежайының жұмысымен таныстым. Реконструкция қажет»-деп жазды.

Әуежай директоры Юрий Ким К.Мәсімовке ұшу-қону жолағы мен жолаушылар терминалын реконструкциялау барысы туралы ақпарат беріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесімен таныстырды.

Осында  «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Андрей Горват Премьер-Министрге Қостанай облысының аумағындағы республикалық жолдардың құрылысы мен оларды реконструкциялауға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар мен болашақта атқарылар жұмыстар туралы  баяндады.

«В» класына жататын «Қостанай» халықаралық әуежайы» АҚ 1964 жылы салынған. Мұнда әуежай кешені, вокзал, аэродром, авиатехникалық база, жер үсті техникасы мен басқа да қажетті құрал-жабдық бар.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Елбасының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов облыстардағы жұмыс сапарын жалғастыруда. Бүгін К.Мәсімов Қостанай облысына келді. Премьер-Министр аймақтың дамуына баға беріп, өзекті мәселелерді талқыламақ.

Атап айтқанда Премьер-Министр тұрғын үй құрылысымен, автокөлік кластерінің дамуымен танысып, бірнеше ауыл шаруашылық және металлургия кәсіпорындарына барады. Сондай-ақ халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелеріне қатысты жиын өткізеді.

Бұдан бөлек, К.Мәсімов ауыл шаруашылық кәсіпорындары басшыларының қатысумен мал шаруашылығын дамытуға қатысты жеке жиналыс өткізеді. Отандық кәсіпорындардың қуаттылығы мен шығарылатын өнімнің сапасын арттыру мәселелеріне баса мән берілмек.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Солтүстік Қазақстан облысына барған жұмыс сапары барысында «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде еңбек мобильділігі мәселелеріне қатысты жиналыс өткізді.

К.Мәсімов соңғы уақытта халықтың көші-қоны артқанын, аймақ аралық және аймақтық миграция көлемінің өскенін тілге тиек етті.

Осыған байланысты халықты ел аумағына тиімді орналастыру өзекті болып тұр.

Премьер-Министр бұл мәселені шешу үшін Үкіметтің көші-қон мәселесіне қатысты заң қабылдап, ел ішінде көшетіндер мен оралмандарды қабылдау үшін аймақтық квоталар енгізілгенін атап өтті. Биылғы ақпан айында Үкімет еңбек күші жеткіліксіз бірнеше аймақты анықтады. Оның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы бар.

Отырыс барысында ҚР ДСӘДМ басшысы Тамара Дүйсенова, СҚО әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова, сондай-ақ жеке меншік ұйымдардың басшылары баяндама жасады.

К.Мәсімов ЖҚЖК-2020 бағдарламасын жүзеге асыру облыстағы әлеуметтік мәселелердің шешілуіне, халықты жұмыспен қамтуға және еңбек ресурстарының тиімді пайдалану мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етуі тиіс екенін атап өтті.

Жиын аяқталғанда Премьер-Министр Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ұлттық экономика, Ақпарат және коммуникация министрлігіне, әкімдік пен басқа мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.

Биыл жұмыспен қамтудың кешенді жоспары бойынша Қазақстанда 417 мың адам қамтылмақ. Негізгі шаралар «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл үшін 101 млрд теңге бөлінген.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев видеоконференциялық байланыс режимінде өткен Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Кеңесінің отырысына қатысты.

Кеңес мүшелері белгілі бір тауар түрлеріне кедендік әкелім баждарының мөлшерлемесін төмендетуге қатысты кедендік-тарифтік реттеу мәселелерін қарады.

Қазақстандық кәсіпорындардың өтініші бойынша 2016 жылдың 1-қыркүйегінен 2021 жылдың 31-тамызына дейін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін титан оксидіне салынатын кедендік баждан босату туралы шешім қабылданды. Бұл шара өндіріске кететін шығынды азайтуға, сондай-ақ титан өнімдерін шығаратын отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Одан бөлек отырыс барысында электр қозғалтқыштары бар автокөліктер үшін, сондай-ақ жанармай орнына табиғи газды пайдаланатын көлік құралдары компоненттерінің жекелеген түрлері үшін кедендік әкелім бажының мөлшерлемесін төмендету мақұлданды. Қазақстан үшін бұл шаралар «жасыл» экономикаға көшу шеңберіндегі маңызды шаралар болып табылады.

Сонымен қатар, ЕЭК Кеңесінің мүшелері сыртқы экономикалық қызмет жүйесінде «бір терезе» механизмін жүзеге асыру бойынша егжей-тегжейлі Іс-шаралар жоспарын мақұлдады. Бұл бизнес-процестерді оңтайландырудың тиімді құралы болып табылады және әрі қарай кәсіпкерлердің экспорттық-импорттық операциялар кезіндегі шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов Солтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарында «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан балабақшаға барды. 

Петропавл қаласының әкімі М.Тасмағанбетов балабақшаның ашылуы шілденің соңына жоспарланып отырғанын жеткізді. Балабақша - 320 орындық.

Объектінің ойын алаңын қосқандағы жалпы ауданы 11 мың кв метрді құрайды. Жобаның құны 700 млн теңгеден асады.

Айта кетейік, бүгін Петропавл қаласында мектепке дейінгі 60 мекеме жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 25-і мемлекеттік, 5-і жеке меншік, 18-і шағын орталық, біреуі мектеп-балабақша.

Қалалық әкімдіктің мәліметі бойынша Петропавлда 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту 86% құраса, облыс бойынша бұл көрсеткіш 90% асады.

Бұрын «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша балабақшалар құрылысына 10 млрд теңге бөлінетіні хабарланған. Үш жылда 27 балабақша салу жоспарланып отыр. Олардың басым бөлігі балалар мектепке дейінгі білім берумен аз қамтылған аймақтарда тұрғызылады.

Одан бөлек облыста мемлекеттік – жеке меншік серіктестік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл республикалық және жергілікті бюджетті оңтайландырып, қаражатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

 ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Солтүстік Қазақстан облысына барған жұмыс сапарында «ҚазТехМаш» машина жасау зауыты» ЖШС-да болып, кәсіпорын аумағында орналасқан техниканы тексерді.

Сондай-ақ К.Мәсімов кәсіпорынның өндірістік цехында болып, өндірістік процеспен танысты.

Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов К.Мәсімовке облыстағы машина жасайтын кәсіпорындар: «Авагро» ЖШС, «Петропавл трактор зауыты» ЖШС,  «Қазтехмаш» ЖШС, «ПАМЗ» АҚ-ның өнімдерін көрсетті.

К.Мәсімов СҚО-дағы кәсіпкерлікті қолдау картасы - құрамында қалайы бар кендерді қайта өңдейтін «Сырымбет» кен байыту кешенінің» құрылысымен танысты.

Аталмыш жобаның мақсаты  неғұрлым тиімді технологияны қолдана отырып және үздік экологиялық стандарттарды сақтай отырып Орталық Азиядағы бірінші қалайы өндірісін құру.  Қалайы металының жоспарлы өндіріс көлемі  жылына 6 050 тоннаны құрайды.

Құрылыс кезеңінде 100-ге тарта, ал өндіріс кезеңінде 700-ге жуық жұмыс орны ашылмақ. Жобаның болжамды жалпы құны – 20 млрд теңгеден асады.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов Солтүстік Қазақстанға барған жұмыс сапарында аймақтағы дене тәрбиесі, бұқаралық және олимпиадалық спорттың дамуымен танысты.

Премьер-Министр А.Винокуров атындағы Спорт сарайында болып, жас жеңіл атлеттер мен футболшылардың жаттығуларын тамашалап, мұз айдыны мен спорт залдарды аралады. Мұнда К.Мәсімов облыстың спортшыларымен жүздесіп, спорт саласының өзекті мәселелерін талқылап, жаттығу процесімен танысты.

Айта кетейік, А.Винокуров атындағы Спорт сарайы Петропавл қаласында 2015 жылдың соңында салынған болатын. Спорт кешенінің мұз айдынынан бөлек, велошабандоздарға арналған базасы, жаттығу залы, жекпе-жек спорт түрлеріне арналған және жалпы жаттығу залдары бар.

СҚО Дене тәрбиесі және спорт басқармасының ақпараты бойынша бүгінгі таңда аймақта 160 мыңнан астам адам дене тәрбиесімен, спортпен шұғылданады.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Президенттің тапсырмасы бойынша Премьер-Министр Кәрім Мәсімов аймақтағы жағдаймен танысып, өзекті мәселелерді талқылау үшін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.

Жұмыс сапарын Айыртау ауданынан бастаған Премьер-Министр дәнді және майлы дақылдар өндіретін, мал азығын дайындайтын «Бабық-Бұрлық» ЖШС егіс алқабында болды.

Кәсіпорын жұмысымен танысқаннан кейін К.Мәсімов республикалық агробизнес ассоциациялары мен кәсіпорындардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен жиын өткізіп, агроөнеркәсіп кешенінің дамуына қатысты мәселелерді талқыға салды. 

Жиналыс барысында агроөнеркәсіп саласының даму мәселелері, субсидиялау жүйесін жетілдіру, шаруаларға қаржылық қолдау көрсету механизмдерінің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

Сондай-ақ қатысушылар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылық министрі Асқар Мырзахметов айтқан еңбек өнімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығында жұмыс орындарын құруға қатысты жаңа бағыттарды талқылады.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Күн тәртібін қарамас бұрын Кәрім Мәсімов ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтан су қоймаларында төтенше жағдайларға жол бермеу үшін қандай шаралардың қолданылып жатқанын сұрады.

 «Жыл басынан бері 198 адам суға кеткен. Оның 82-сі бала. Былтырғы жылдың осы мезгілінде суға кеткендер саны 265 болған. Яғни көрсеткіш азайған, қажетті шаралар қолданылуда. Бізде 50 мың су қоймасы бар. Оның тек 125-і ғана жабдықталған, онда біздің құтқарушылар кезекшілік етеді»-деген Қ.Қасымов арнайы жабдықталмаған шомылу орындары, балаларды қараусыз қалдыру, судағы қауіпсіздік техникасын бұзу қайғылы оқиғаның негізгі себептері екенін атап өтті.

ҚР Көлік және коммуникация министрі Жеңіс Қасымбек Премьер-Министрдің әуежайлардағы қауіпсіздік шараларын күшейту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде сәйкес нұсқаулар беріліп, барлық әуежайларда алғашқы тексеру желілері мен қоршаулар орнатылып, қосымша құрал-жабдық алу мәселесі қарастырылып жатқанын хабарлады.

Күн тәртібі бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Елбасының биылғы 1-шілде – индустриаландыру күнінде берген тапсырмаларының жүзеге асырылуына қатысты ақпарат берді.

«Бүгінде елімізде барлық қаржы көздерінен 556 мыңнан астам шағын несие беріледі. Бұл шағын несиелердің жалпы сомасы 120 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде кәсіпкерлік мақсатқа 138 мың шағын несие, яғни 64,6 млрд теңге бөлінген. Барлық шағын несиенің 98% қалаларға тиесілі. Бұл жеке секторға берілгені. Мемлекеттік қолдау түріндегі шағын несиелер «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», «Агробизнес-2020» бағдарламаларының шеңберінде ұсынылады. Және олардың барлығы ауылдық елді мекендерге бағытталған. Ірі қалаларда мемлекеттік бағдарламалар бойынша шағын несиелер берілмейді»-деді Қ.Бишімбаев.

Министр бағдарламалардағы шағын несиелердің бағыттары бір-бірін қайталайтынын, ауыл мен қалада олардың нәтижесіне мониторинг жүргізетін бірыңғай оператордың жоқтығын атап өтті.

«Елбасының тапсырмаларын ескере отырып ұсынылады: бірінші –ауылдан көптеп келетін жастарға өз кәсіптерін бастауға мүмкіндік беру үшін  және еңбек ресурстары артық қалаларда шағын несие көлемін арттыру. Екінші – несие қаражатын шартты бағыттау арқылы ЕДБ мен шағын қаржы орталықтарын тарту. Үшінші – ауылдарда «Агробизнес-2020», «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламаларының шеңберінде және қалаларда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы шағын несие бойынша операторларды анықтау. «Даму» базасында қолдау тапқан жобаларға мониторинг жүргізетін айқын жүйесі бар, шағын несиелерді кепілдендіру бағдарламаларын іске қосу керек»-деді ұлттық экономика министрі.

Оның сөзінше ауылда кәсіпкерлік қызметке шағын несие бөлуде жеке шаруашылықтарды ауыл шаруашылық кооперациясы жүйесіне тартып, осы кооперативтер арасында инфрақұрылым құру қажет.

Қ.Бишімбаев:«Жаппай кәсіпкерлікке жұмылдыру үшін қалалардағы шағын несие көлемін арттыру қажет және жыл сайын 50 млрд теңгеге дейін өсіру мүмкіндігін қарастыру керек. Сондай-ақ   кепілдендіру жүйесін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 8 млрд көлеміндегі ресурсты қарастыру керек.  Бұл біздің бағалауымыз бойынша жас, жаңа бастаған кәсіпкерлердің, оның ішінде қаладағы кәсіпкерлердің 10 мың бизнес-жобасын қолдауға мүмкіндік береді»-деді.

Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе аймақтардағы ветеринарлық бақылау және мал қорымдарының ахуалы болды.

Ауыл шаруашылық вице-министрі Гүлмира Исаеваның мәліметі бойынша республикада  сібір жарасының 2604 ошағы тіркелген, оның ішінде белгіленгені – 1890, белгіленбегені – 714. Бұның 702-сі қоршалмаған, арнайы белгілер қойылмаған.

 «Әкімдіктер сібір жарасының ошақтарын тиісті талаптарға сай жағдайда ұстау үшін жұмыстар жүргізуі тиіс. Осы мақсаттарға республика бойынша 1,6 млрд теңге қажет. Ал соңғы екі жылда қажетті соманың 22% ғана бөлінген» - деді вице-министр.

Осы орайда сібір жарасының ошақтарын жайластыру, белгіленбеген ошақтарды анықтау экспедициясын жалғастыру, олардың кадастрын жүргізу үшін қосымша қаражат қажеттігін де тілге тиек етті.

Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР ауыл шаруашылық министрі Асқар Мырзахметов өлген ауру малды жою үшін арнайы техника сатып алуды ұсынды. Бұл аурудың жаңа ошақтарын туындатпас үшін қажет.

Кәрім Мәсімов бұл идеяны қолдап, А.Мырзахметовке бұл мәселені сарапшылармен кеңесуді тапсырды.

Одан бөлек, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова елдегі еңбекақы берешегі бойынша мониторинг нәтижелерін жария етті.

Министр келтірген деректер бойынша бүгін республикадағы еңбекақы берешегі 1,5 млрд теңгені құрайды. Бұл сома елдегі 125 кәсіпорынның 9 мың қызметкерінің жалақысы.

Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 903 кәсіпорынның 35 мың жұмыскерге 4,1 млрд теңге  қарыз екенін анықтаған. Аталған бұзушылықтар үшін 681 ұйғарым шығарылып, 652 айыппұл салынған. Айппұлдардың жалпы сомасы 113 млн теңгені құрайды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 3,5 млрд теңге өтеліп, 27 мың қызметкердің құқығы қорғалған.  

Күн тәртібінде талқыланған үшінші мәселе агроөнеркәсіп кешенінің дамуы болды. Вице-премьер – ауыл шаруашылық министрі А.Мырзахметов АӨК-дегі инвестициялық жағдайды жақсарту бойынша Іс-шаралар жоспарын ұсынды.  

Атап айтқанда, Жоспарда несиелер бойынша субсидияланатын пайыздық мөлшерлеме көлемін 7%-дан 10%-ға дейін арттыру, лизинг үшін 10%-дан 13%-ға дейін арттыру қарастырылған. «Қазір ауыл шаруашылық тауарын өндіруші несие бойынша 19% пайыздық мөлшерлемемен лизинг бойынша 12% және 9% төлесе, ол болашақта сәйкесінше 9% және 6% төлейтін болады»-деді АШМ басшысы.

Жоспарды жүзеге асыру аталмыш салаға инвистиция тарту шарттарын жақсартуға, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға және АӨК субъектілерін сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ сауда инфрақұрылымы мен отандық өнімді өткізу мәселелерін шешуге бағытталған.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қызылорда облысының шаруа қожалықтарының жетекшілерімен өзекті мәселелерді талқылады. Кездесуде басты мәселе ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды арттыру шараларын талқылау болды.  

К.Мәсімов айтып өткендей, қазіргі кезде мемлекет, әсіресе, ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды белсендіру үшін бірқатар шараларды қолға алуда.

Ол сонымен қатар бүгінгі күнде ауылдық жерлердегі өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындар саны 1,5 млн адамға жуықтағанын атап өтті. 

Премьер-Министр жекеменшік қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін жұмыспен қамтуға тартуды тапсырды. Ауыл шаруашылығы кооперативтері қосымша жүн түтіп, тері илеумен, көкөніс өсірумен, ара шаруашылығымен, құс өсіру отбасылық кәсібімен, тауарлық балық өсірумен айналыса алады.

Айта кетейік, бұл кездесу К.Мәсімовтің «Дәмдi» тауар белгісімен «РЗА» сүт-тауар кешенін аралап көру қорытындылары бойынша өтті. Белгілі болғандай,  2016 жылдың І тоқсанында 79 млн. теңгеге 1506,4 тонна шикі сүт өндірілген, өндірістің жоспарлық қуаттылығы 102,4% игерілді.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Суармалы жерлердің шаруашылық инфрақұрылымын қалпына келтіру мәселелері ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен Қызылордада өткен республикалық жиналыста талқыланды.

Іс-шараға бірнеше министрлік басшылары мен облыстардың әкімдері, халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты. 

Өз сөзінде Кәрім Мәсімов суармалы жерлерді дамыту еліміздің барлық аймағы үшін маңызды екенін және оны шешу үшін ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен Үкіметтің кешенді іс-шаралар жүргізіп жатқандығын атап өтті.

Премьер-Министрдің пікірінше суармалы жерлерді айналымға енгізу агроөнеркәсіп секторында маңызға ие болып отырған еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Мұнымен қоса халықты өнімді еңбекпен қамту мәселелері шешіледі.

Кәрім Мәсімов облыстардың әкімдерін ирригациялық жобаларды жүзеге асыруда халықаралық қаржы ұйымдарының мүмкіндіктері мен МЖС механизмдерін барынша пайдалануға шақырды.

Жиналыс барысында айтылған ескертулер мен ұсыныстар 2016 жылдың 1-тамызына дейін қорытындыланып, Үкіметтің қарауына енгізіледі.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Қызылордаға барған жұмыс сапарының барысында Арал ауданының «Камбаш» демалыс аймағында орналасқан балаларды оқыту-сауықтыру орталығының жұмысымен танысты.

Мұнда Премьер-Министрге аймақтағы балаларды жазғы демалыста сауықтыру, ойын-сауық жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде мәлімет берілді.  

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Қызылорда облысына барған жұмыс сапарында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Байқоңыр қаласының №277 орта мектебіне барды.

К.Мәсімов мектептегі оқу процесімен танысып, білім беру саласының қазіргі ахуалы мен болашағы туралы ақпарат тыңдады. Облыстық Білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев Байқоңыр қаласындағы алты мектептің қазақстандық оқу стандартына көшкенін мәлімдеді.

Байқоңыр қаласы мен іргелес жатқан Төретам, Ақай елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Серік Қожаниязов баяндады.

ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі

Архив

Желтоқсан
2017
ДсСсСрБсЖмСнЖк
123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031

Мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы

Өту